Жамбылда «Асар» жобасымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспана алуда

Жамбыл облысында 37 мыңнан астам адам баспана алу кезегінде тұр. Бұл туралы өңір әкімі Ербол Қарашөкеев елордадағы есептік брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

пәтер
Фото: СҚО әкімдігі бааспасөз қызметі

«Жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы – халықтың әлеуметтік осал топтары. Қазір 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 35-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда», - деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жыл басынан бюджет қаражаты есебінен 10 үй және жеке инвестициялар есебінен 11 үй тапсырылды.

Жыл соңына дейін 882 млн теңгеге жаңа тұрғын алаптарының 869 учаскесіне инженерлік инфрақұрылым тартылады.

«Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 7,6 млрд теңгеге 797 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінге 123 пәтер сатып алынды. «Асар» бастамашылық жобасы аясында 49 көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспанамен қамтылды», - дейді Е. Қарашөкеев.

Әкімдіктің хабарлауынша, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілік қолдауымен 2020 жылдан бастап 338 аз қамтылған отбасы баспана алған.

Соңғы жаңалықтар