Жамбылда атпен темекі контрабандасын өткізбек болған шетелдік азамат ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Жуалы ауданында темекі өнімдерін заңсыз алып өту әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот Қырғызстан азаматы С.-ға қатысты екі әкімшілік істі қарады. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-бабының 2-бөлігі (таңбалануға жататын акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымы) және 514-бабының 2-бөлігі (мемлекеттік шекара режимін бұзу) бойынша жауапқа тартылды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы қараша айында түнгі уақытта шекара қызметінің қызметкерлері Қазақстан аумағына атпен темекі контрабандасын алып өтпек болған Қырғызстан азаматын мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту кезінде ұстаған. Тексеру барысында одан «ORIS» маркалы 2 мың қорап темекі тәркіленді.
— Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Сот қаулысымен азамат С. кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарылды. Сондай-ақ темекі өнімдері мен жылқы мемлекет кірісіне тәркіленіп, 137 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Осыған дейін Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында «тіс контрабандасының» жолы кесілгенін жазған едік.