Жамбылда есірткі тасымалдаған Астана қаласының тұрғыны ұсталды

ТАРАЗ. KAZINFORM — Жамбыл облысында полиция есірткі арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында есірткі тасымалдаған елордалық ұсталды
Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы — Екатеринбург автожолының 430-шақырымында Toyota Camry көлігін тоқтатты. Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен көліктің жүксалғышын тексеру кезінде жолаушыға тиесілі спорттық сөмкеден скотчпен оралған пакет табылды. 

— Пакеттің ішінде өзіне тән иісі бар кристалл тәрізді зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 470,07 грамм болатын альфа-PVP синтетикалық есірткі заты болып шықты, — делінген ақпаратта. 

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті, 34 жастағы Астана қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұған дейін аймақта шекарадан 30 келі есірткі алып өтпек болған шетелдік ұсталды.

Соңғы жаңалықтар