Жамбылда тұрғын үйлерге де жылу беріле бастады
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында алдағы жылыту маусымында тұрғындар тұтынатын көмірдің жоспары 144,8 мың тонна құрап отыр.

Өткен жылғы жоспармен салыстырғанда көмірге қажеттілік 5,1 мың тоннаға төмендеген. Бұл былтыр газдандырылған 11 елді мекеннің нәтижесінде қалыптасқан.
Бүгінгі күнге дейін жалпы 51,2 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл көмір отыны жылыту маусымы кезеңінде тасымалданатын болады. Сондай-ақ, өңірдегі теміржол тұйықтарында 13,5 мың тонна көмір қоры бар.
Жалпы облыстағы 350,7 шақырым жылу желілерінің 55,5 пайызының тозығы жеткен. Биыл Тараз қаласының 4,6 шақырым М-1 жылу магистралын, Қаратау қаласының 3,9 шақырым және Жаңатас қаласының 700 метр жылу желілері қайта жаңғырту, 4 қаладағы 7 шақырым жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 54 пайызға төмендеді.
Облыс аумағындағы 9 жылу энергетика кешендері және 593 автономды қазандықтармен 1 646 көпқабатты тұрғын үйлер мен 1 737 әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етіледі. Бұлардың жылыту маусымына дайындығы 100 пайызды құрады.
7 қазаннан бастап білім және денсаулық нысандары жылыту жүйсіне қосылса, 15 қазаннан бастап жылу тұрғын үйлерге де беріле бастады.
Айта кетсек, біз бұған дейін Таразда әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастағанын жазған болатынбыз.