Жамбылдық шаруалар 890 мың тонна өнім экспорттаған

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысы пияз экспорты бойынша көш бастап тұр. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеев аграрлық саладағы басты жетістіктерді баяндады. 

Жамбылдық шаруалар 890 мың тонна өнім экспорттаған
Фото: ОКҚ

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 458,5 млрд теңге. Дақылдардың егістік алқабы 640 мың гектарға жетті.

— Өңірде 3,3 млн тонна өнім жиналды, оның ішінде 283 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,3 млн тонна көкөніс дақылдары, 207 мың тонна картоп, 389 мың тонна бақша дақылдары бар. Қант қызылшасы алқабының 88,1%-ы жиналып, 207 мың тонна өнім алынды, — деді Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен бірге, 76 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, ауылшаруашылығы техникасын жаңғырту деңгейі 5,6% жеткен.

— Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,7%-ға, сүт — 1,6%-ға артты. 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды, оның ішінде 410 мың тонна пияз Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзербайжанға жіберілген. Пияз экспорты бойынша облыс көшбасшы атанды, — деді облыс әкімі.

Облыста ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылмаған 61,8 мың гектар жер телімі қайтарылды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылды.

Айта кетейік, Жамбыл облысында бизнесті дамытуға 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 млрд теңге несие берілген.

Облыс Қазақстанды стратегиялық маңызы бар химия өнімдерімен 100% қамтамасыз етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар