Жамбыл облысы ақтөбеліктерге 25 тонна ет әкелді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге келген Жамбыл облысының тауар өндірушілері 180 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізді. 
None
None

Жәрмеңкеде ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, балық, қант, көкөніс сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңіраралық кооперацияны дамыту тапсырмасына орай, Ақтөбеде Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жәрмеңке екі күнге жоспарланған.

«Жамбылдан 25 тонна жылқы еті, 20 тонна картоп, 30 тонна пияз, 10 тонна қант жеткізілді. Бал мен сүт өнімдері де бар. Жәрмеңкеге 9 жүк көлігімен 180 тонна өнім жеткізілді»,- деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов.

Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбе мен Жамбыл облыстарының тауар айналымы639,7 млн. теңгені құрады.

«Жәрмеңкеге ақтөбеліктер көп келді. Алманың келісі 250 теңгеден сатылды. Біз 1,2 тонна алма әкелдік. Бәрі өтіп кетті. Сонымен қатар, сафлор майына сұраныс жоғары болды. Бұл қан қысымы жоғары адамдар үшін өте пайдалы. Майдың 1800 тоннасын әкелдік, барлығы сатылды. Литрі 700 теңге болса, мұнда 500 теңгеден сатылды»,- деді кәсіпкер Азамат Қошанов.

Ақтөбе мен Жамбыл облыстары арасындағы өңіраралық кооперацияны дамыту мақсатында облыс әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Кәрім Көкірекбаев ынтымақтастық меморандумына қол қойды. 

Соңғы жаңалықтар