Жамбыл облысына үш айда 69 миллиард теңге инвестиция тартылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жылдың алғашқы үш айында Жамбыл облысына 69 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 3,1 пайызды құраған. Жалпы, биыл облысқа 572 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысына үш айда 69 миллиард теңге инвестиция тартылды
Фото: shutterstock.com

Сонымен қатар, өңірде биыл 85,4 миллиард теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асып, 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың облысқа жасаған жұмыс сапары барысында айтылды. Іссапар аясында министр Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті.

«Биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша экономикалық өсім 102,4 пайызды құрады. Инфляция деңгейі наурыз айында 3,1 пайызға жетті. Ал өзіндік кірістер 31,4 миллиард теңгеге орындалып, 56,1 пайызға артты», – деді кездесуде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.

Айта кетейік, бұдан бұрын Жамбыл облысында 700 млн доллардың меморандумдарына қол қойылып, 20-ға жуық келіссөз жүргізілді,

Бұған дейін Жамбыл облысында гофрленген картон өндіру зауыты ашылды деп хабарлаған болатынбыз. Бұл іс-шара Таразда «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында өткен болатын.