Жамбыл облысында 700 млн доллардың меморандумдарына қол қойылып, 20-ға жуық келіссөз жүргізілді

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының соңғы, екінші күні де өз мәресіне жетті. Бұл күні пленарлық отырыстар өткізілді, шетелдік компаниялармен меморандумдарға қол қойылды, жалпы алғанда, 20-ға жуық келіссөз жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

150 компания қатысқан көрме өтті

Форумның екінші күні 150 жамбылдық компания қатысқан «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауымен басталды. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов пен өзге де қонақтар мен форумға қатысушылар тауар өндірушілердің өнімдерін жоғары бағалады.

Көрмеге 40 тауар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қатысты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл көрме-байқауды осымен 9-рет ұйымдастырып отыр. Жылдан-жылға оған қатысуға ниет білдірген жас кәсіпкерлер мен бастауыш кәсіпорындардың саны артып келеді.


Пленарлық отырыс ұйымдастырылды

Жиынның ашылуында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облысымыз үшін маңызды іс-шара біріншіден, өңірге инвестиция тартып, тиімді ынтымақтастық пен бизнес бастамаларды жүзеге асыруға бағытталғанын жеткізді. Өңірдің бес басты бәсекелестік артықшылығына тоқталып өтті.

«Біріншіден, облысымыздың климаттық жағдайы қоңыржай континентальды, «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Баламалы энергия көздері бойынша жобаларды асыру үшін де ең қолайлы өңірдің бірі. Үшінші артықшылығымыз, жоғары көліктік-логистикалық әлеуетіміз. Яғни, өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге әлеуеті бар және сауданы дамыту әлеуеті зор.


Біз өз өнімдерімізді әлемнің 17-ден астам еліне, соның ішінде Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттаймыз», – деді Нұржан Нұржігітов.

Жалпы, облыста 350-ден аса ірі және орта кәсіпорын бар. Олардың негізгі бағыттары – химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі. Мұнымен қоса, аймақ 200-ден астам түрлі пайдалы қазбаларға бай. Облыс фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы. Түрлі-түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс материалдарының да қоры жеткілікті.

«Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы сомасы 3,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз», – деді облыс басшысы.

Пленарлық отырыста баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасына тоқтала келе, Жамбыл облысының негізгі көрсеткіштерін де атап өтті. Былтыр Жамбыл облысында 980 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын айтты. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға жеткенін баяндады. Жыл басынан бері құрылыс, өнеркәсіп саласында өсім бар екенін, биыл облыстың 90 ауылында 13,6 миллиард теңгеге 271 жоба іске асырылатынын жеткізді.

Шетелдік компаниялармен 700 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды

7 ірі шетелдік тауар өндіруші компаниялармен жасалған келісімге сәйкес инвестициялық жобалардың жалпы құны 700 миллион АҚШ долларынан асады. Олардың қатарында Индия, Сингапур, Германия, Венгрия секілді бірқатар мемлекеттердің инвесторлары бар.

Шетелдік компаниялар облыс аумағында ферроқорытпа, цемент зауытының құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, күн электр станцияларын салу, тамақ өнеркәсібі және логистика индустриялық паркі сынды жобаларды жүзе асыруды жоспарлады.


Интернет пен байланыс сапасын жақсартатын Жол картасына қол қойылды

Бұл күні сондай-ақ,мобильді және талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз ету бойынша Жол картасына қол қойылды. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен байланыс операторлары қатысты.

Жол картасына сәйкес, өңірдің 210 елді мекенінде мобильді интернет сапасын жақсарту, 155 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарланды.

Инвесторлармен 20-ға жуық келіссөздер жүргізілді

Франциялық «Total Open» компаниясы Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 500 миллиард теңге. Жоба жүзеге асса, 300 тұрақты, 1000 уақытша жұмыс орның құрылады.


Ал, үндістандық «Monnet Group» компаниясы аймақта жоғары сапалы ферросилиций, ферромарганец шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыруға кіріскен.

Сондай-ақ, «Bazar Fur» Түрік компаниясы өңірде тұрмыстық техника өндіретін зауыт салуға ниетті.

«KazBioSorgo» ЖШС өкілдері қант құрағын өсіру және өңдеу жобасын таныстырса, «Monterra Qasaqstan» ЖШС компаниясының өкілдерімен Қордай ауданында тау-кен металлургия комбинатын салу мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, кездесуде «Taraz Gelatin» ЖШС басшылығы желатин өндірісінің жобасын ұсынды. Сонымен қатар, «Wanlin Group Limited» қытай компаниясы кептірілген пияз өндіретін зауыт салуды жоспарлады.


Бұл күні Нұржан Нұржігітов 20-ға жуық іскерлік келіссөздер жүргізді.

Жаңартылатын энергия көздері салынады

Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумда облыс әкімі қытайлық SPIC корпорациясының өкілдерімен де кездесу өткізді. Корпорация «Жаңатас жел электр станциясының» құрылысын жүргізіп, іске қосты. Электр энергиясы өндірісінің жылдық қуаты – 350 миллион кВт/сағ.

Енді 2023 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт болатын «Шоқпар жел электр станциясы» ЖШС пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Инвесторлар қуаттылығы 600 МВт-қа дейінгі жел электр станциясын салуға мүмкіндіктері бар екенін айтты.

Корпорацияның серіктесі – «SANY Renewable Energy» компаниясы жел қондырғылары бағаналарын шығаратын зауыт салуды ұсынды. Жобалық қуаты – жылына 200 бағана жиынтығы. Инвестициялардың жалпы көлемі – 53 миллион АҚШ доллары. Жоба аясында 160 жаңа жұмыс орнын құрылады.

Ауылдарда интернет және байланыс жақсарады

Форум аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Байзақ ауданындағы Үлгілі ауылдық округі мен Дихан ауылдық округінің Аймантөбе ауылына барды.

Бұл ауылдардағы интернет сапасын жақсарту мақсатында елді мекендерді аралаған министр бірқатар кәсіпкермен және ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізді.


Келіссөздер нәтижесінде мәселелерді маусым айына дейін шешу жұмыстары қолға алынатын болды.

Сонымен бірге, кездесуде жол картасындағы басты бағыт – өңірдегі барлық ауылдарды жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. 300-ге жуық ауылдағы осындай мәселені тездетіп шешу керектігі баса айтылды.

Айта кеетйік, бұған дейін біз форумның алғашқы күніндегі іс-шараларды Жамбыл облысында гофрленген картон өндіру зауыты ашылды.

Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды.

Жамбыл облысында құрама жем шығаратын зауыт ашылды деген тақырыптарда жариялаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар