Жамбыл облысында 6 автобус, 55 көлік қар құрсауынан шығарылды
Жуалы ауданы аумағындағы Күйік және Шақпақ асуларында ауа райы күрт құбылды, қалың қар түсіп, жолдың нашар көрінуі Жамбыл облысы «Айша бибі» ЖПП қосынынан ОҚО шекарасына дейін республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент (526-593 шақырым) жол учаскесіндегі жүк көліктері қозғалысына кедергі келтіріп, жұртты әбігерге түсірді. Жағдайды ТЖД жедел тобы, ТЖД «ЖҚҚ» ММ, «Авариялық құтқару қызметі» ММ - барлығы 35 адам, 8 техника бақылауда ұстауда.
«8 желтоқсанда таңғы сағат 7-лерде Жуалы ауданында Алматы-Ташкент автожолында 345 жолаушысы бар «Алматы-Шымкент» қатынасы бойынша 6 автобус, сондай-ақ 138 адам мінген 35 жеңіл көлік және 21 жүк көлігі қар құрсауынан шығарылып, Таразға жіберілді. Таразда, жақын елді мекендерде қардан шыға алмай қалған көліктер, оның ішінде 24 адам құтқарылды, арасында екі бала бар» - делінген облыстың ТЖД хабарламасында.
Жамбыл облысы ТЖД хабарлағандай, 8 желтоқсанда сағат 7:45-те ОҚО бағытына қарай «Айша-бибі» ЖПП қосынынан бастап Алматы-Ташкент жолы барлық көлік түріне ашық болды.
Қауіпті учаскелерде тазалау, құм себу жұмыстары жүргізілуде. Халыққа смс-хабарлама арқылы өңірдің автожолындағы жағдай жедел хабарланып отырылады.