Жамбыл облысында биыл 11,7 км жылу желілері жөндеуден өтеді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында барлық отын-энергетика кешендері алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспарын бекітті. Биыл 11,7 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбыл облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өңірде жылыту маусымы биыл 12 сәуірде аяқталып, ұзақтығы 183 тәулікті құраған. Жалпы, 9 жылу энергетика кешені жылыту маусымы кезеңінде 1 миллион 63 мың гигакалорий жылу энергиясын өндіріп, 121 миллион 393 мың текше метр газ тұтынылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51,8 мың гигакалорийға және 6,0 мың текше метрге көп.
Жалпы, өңірдегі 9 жылу энергетика кешені мен 593 автономды қазандық 1737 әлеуметтік нысан мен көпқабатты 1650 тұрғын үйге жылу береді. Тиісті кезеңде жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде 1-сипаттағы авариялық жағдайлар мен технологиялық ақаулар тіркелмеген.
«2021 жылы 156 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газдандыру іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Бүгінгі күнге 50 нысанның қазандықтары газдандырылды. Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыру үшін 2025 жылға дейінгі Жол картасы бекітілген болатын. Соған сәйкес, бірінші кезекте газдандыруды қажет ететін 195 қазандықтың тізімі жасақталған. Биыл 36 нысан жоспарланып, бүгінгі күнге оның 25-інің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.
Алдағы жылыту маусымына Тараз қаласының жылу желілерін сапалы дайындау үшін биыл толық 30 күнге ыстық судың берілуін уақытша тоқтатып, гидравликалық сынау жұмыстарын жүргіземіз», – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысын үш жылда 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз.