Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасына себепші болған полиция капитаны көлікті мас күйінде жүргізген

Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыста Жамбыл облысында, жергілікті маңыздағы Аса-Тараз күре жолының 15 шақырымында төрт адамның өліміне және екі адамның ауыр жарақаттар алуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Тараз қаласына бағыт алған «Мицубиши-Паджеро» көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп «ГАЗ-3110416» көлігімен соқтығысты. Апат кезінде «Волгада» алты адам болған.
«ГАЗ-3110» көлігінің жүргізушісі және екі жолаушы - 61 жасар әйел мен 2 жасар бала оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір әйел Аса ауылының аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде мерт болды.
Бұл көлікте апаттан жарақаттанған екі адам түрлі дәрежедегі жарақаттармен Тараз қалалық № 1 ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
«Жол-көлік оқиғасына Жамбыл облысы АІІБ полициясының учаскелік инспекторы кінәлі болып шықты, ол түрлі дене жарақаттарымен қалалық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарланды ведомствоның баспасөз қызметінен. - Сот-медицина сараптамасының қорытындысы бойынша, апат орын алған кезде полиция капитаны орта дәрежеде мас болған».
Полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 296 бабы, 3 бөлімі (Жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қосымша сот-медициналық және көлік-трансологиялық сараптамалар белгіленді. ІІД-нің қызметкеріне қатысты қызметтік тергеу амалдары басталды», - деді Жамбыл облысы ІІД тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Зұлқарнаев.