Жамбыл облысының әкімі Қ. Бозымбаев халыққа есеп берді
«Ағымдағы жылы біз жалпы құны 19,4 млрд. теңге болатын төрт инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отырмыз, мыңнан аса жаңадан жұмыс орны ашылатын болады. Жобаларға «Қазақстанның даму банкі», «Аграрлы несиелік корпорация», «Альянс банк» сияқты қаржылық институттар демеушілік жасайды. Сонымен қатар 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі инсдустиялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында үш жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарда бар», - деді ол.
«Егер соңғы бес жыл бойы жергілікті маңызы бар жолдарды дамытуға 10,6 млрд. теңге бағытталса, ағымдағы жылы осы мақсат үшін 5,9 млрд. теңге бөлінбек», - деп атап өтті өңір басшысы.
Бұрын айтылмай жүрген қатты тұрмыстық қалдықтарды пайдаға жарату мәселесі де жиын барысында сөзге арқау болды. «Уәкілетті органдар төрт полигонға экологиялық рұқсат берген, биыл Қордай және Шу аудандарындағы екі полигонның құрылысын қаржыландырамыз. Тараздағы ағынды суларды биологиялық тазартудан өткізу жөніндегі кешеннің құрылысы жалғасуда», - деді әкім.
Науқастардың уақтылы емдеуден өтіп, аурулардың алдын алу үшін Таразда ағымдағы жылы облыстық кардиологиялық диспансер ашылмақ.
«Және де көп жылдардан бері облыста мәдениет саласының қызметкерлерін дайындау түйткілді мәселе болған. Біз биыл мәдениет және өнер колледжін ашуды көздеп отырмыз», - деді ол. Сонымен қатар облыстық филармония базасында халық аспаптар оркестрін құру да жоспарда бар.
«Облыста алғаш рет биылғы жылы әлемдік талаптарға сай келетін Спорт сарайының құрылысы басталады», - деді Қ.Бозымбаев.