Жаңа асфальт үгітіліп жатыр — Үкімет басшысы жол сапасы туралы
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жол сапасы жөнінде тұрғындар шағымына дер кезінде назар аударуды тапсырды.

«Жол жағдайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымдар азаймай отыр. Олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты. Мұндай мысалдар көп», — деді О. Бектенов Үкімет отырысында.
Мәселен, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті — жаңадан төселген асфальт қолмен ұстағанда үгітіліп жатыр.
Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті.
«Ал әкімдіктер қайда, күнделікті сапалы бақыламай қайда қарап отыр? Бірінші кезекте тұрғындардың шағымына дер кезінде назар аудару керек», — деді О. Бектенов.
Бұған дейін Премьер-Министр сапасыз жолдарды қабылдамау керегін, тиісті актілердің міндетті түрде болуын тапсырған еді.