Қорғаныс саласындағы өзгерістер: Цифрландыру, бітімгерлік миссия, әскери даярлықтың күшейтілуі
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жыл Қазақстанның қорғаныс саласы үшін бір мезгілде салтанатты да, сын-қатерге толы кезең болды. Жыл бойы ел армиясының жауынгерлік әлеуетін көрсетуге бағытталған ауқымды іс-шаралар өтті, сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен психологиялық ахуалына қатысты мәселелер қоғам назарын аударды.
Жеңістің 80 жылдығы: елордадағы тарихи әскери шеру
2025 жылы Отан қорғаушылар күніне орай Астанада өткен әскери шеру ел тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Араға бірнеше жыл салып қайта өткізілген бұл шеру Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Салтанатты іс-шара «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда өтті. Әскери шеруге Қарулы Күштердің, өзге де әскер мен әскери құрылымдардың 4 мыңнан астам әскери қызметшісі қатысты, олардың 200-ден астамы – әйелдер. Шеруді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды.

Алаңда жаяу әскер сап түзеп, тарихи және заманауи әскери техникалар, арнайы мақсаттағы бөлімшелер мен әуе күштері көрсетілді. Жалпы алғанда, шеруге 300-ден астам әскери және авиациялық техника жұмылдырылды. Әрбір шерулік есептопты жоғары шенді офицерлер бастап шықты.
Әскери техникалардың шеруі символдық мәнге ие тарихи машиналардан басталды. Алдымен алаңнан аты аңызға айналған Т-34-85 танкісі өтіп, оның артынан ЗИЛ-157 жүк көлігі мен «Катюша» реактивті қондырғылары жүріп өтті. Бұл көрініс Жеңістің тарихи сабақтастығын айқын аңғартты.

Одан кейін көпшілік назарына қазіргі қолданыстағы әскери техникалар ұсынылды. Олардың қатарында Т-72 танкілері, БМП-2, БТР-80, артиллериялық жүйелер, 240 мм-лік өзі жүретін минометтер, «Град» реактивті жүйелері, танкіге және әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникалары болды. Сонымен бірге арнайы мақсаттағы бөлімшелердің, радиоэлектрондық қорғаныс, инженерлік және химиялық қауіпке қарсы техникалары көрсетілді.
Биылғы парадтың тағы бір ерекшелігі – Төтенше жағдайлар министрлігінің қорғаныс бөлімшелері әскери шеруге алғаш рет қатысуы. Сондай-ақ алаңға ТЖМ-нің арнайы тапсырысы бойынша жасалған отандық БКМ «АЛАН-2» броньдалған көліктері алғаш рет шығарылды. Бұл – еліміздегі әскери-техникалық әлеуеттің дамып келе жатқанын көрсететін нақты мысал.
Шеру барысында құрлық, әуе және теңіз күштерінің жаңа қару-жарақпен жабдықталғаны байқалды. Көрермендерге әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары таныстырылды. Олардың қатарында Wing Loong, Skylark және түріктің ANKA дрондары бар.

Әуе парады да салтанатты шерудің маңызды бөлігіне айналды. Астана аспанында Су-30СМ, МиГ-29 жойғыш ұшақтары, С-295, Ан-72 әскери-көлік ұшақтары, сондай-ақ Ми-17 және Ми-35М тікұшақтары ұшты.
Шеру соңында 300 музыканттан құралған біріккен әскери оркестрдің дефилесі өтті. Ал парадқа дайындық кезеңінде сарбаздардың далалық жағдайда өмір сүргені де атап өтуге тұрарлық. Шатырлы қалашықта госпиталь, асхана, монша сынды барлық қажетті инфрақұрылым жұмыс істеген.

Осылайша, Астанада өткен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру Қорғаныс министрлігі үшін жыл қорытындысындағы ең ауқымды әрі мазмұнды іс-шаралардың бірі ретінде есте қалды. Айта кетейік, Қазақстанда мұндай шерулер 2018 жылдан бері өткізілмеген.
Қорғаныс саласындағы цифрландыру
Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігі цифрландыруды әскери басқаруды жаңғыртудың негізгі бағыттарының біріне айналдырды. Бұл өзгерістер ең алдымен әскери есепке алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жеке құрамның психологиялық ахуалын бақылау салаларынан көрініс тапты.
Әскери есепке алу жүйесі толықтай электронды форматқа көшірілді. Енді азаматтар www.egov.kz порталы арқылы әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру қызметтерін қағаз құжатсыз рәсімдей алады. Бұл шешім әскерге шақыру науқанындағы бюрократиялық рәсімдерді азайтып, процестің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде барлық әскери бөлімдерде тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйелері орнатылған. Камералар казармаларда, оқу-жаттығу алаңдарында және ортақ аймақтарда орналасқан. Сонымен қатар видеоаналитика жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл технология күдікті әрекеттерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Әскерге шақыру саласында да цифрлық өзгерістер жүзеге асырылды. MyArmy.kz порталы іске қосылып, азаматтар әскерге шақырылу тәртібі, өз мәртебесі және қажетті мәліметтерді онлайн форматта ала бастады.
Сонымен бірге «Smart военкомат» жүйесі енгізіліп, 17 жасқа толған азаматтардың әскери тіркеуден өтуі автоматтандырылды. Министрлік дерегінше, цифрландыру нәтижесінде бірқатар процестер оңтайландырылып, 1 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген.

Әскерге шақырылушыны көшеден ұстап әкетпейді
Соңғы жылдары қоғамда ең көп талқыланған мәселелердің бірі – жастарды әскерге көшеден күштеп ұстап әкету оқиғалары болды. Бұл мәселеге байланысты Қорғаныс министрлігіне де, құқық қорғау органдарына да сын жиі айтылды. Нәтижесінде 2025 жылы әскерге шақыру тәртібіне қатысты бірқатар нақты түсіндіру мен шектеу енгізіліп, заңнамалық деңгейде өзгерістер жасалды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтің айтуынша, қолданыстағы заңнамада азаматтарды көшеден күштеп алып кету деген ұғым мүлде жоқ.

Конституцияның 36-бабында Отан қорғау әр азаматтың парызы әрі міндеті деп нақты көрсетілгенімен, бұл талап күш қолдану арқылы орындалмауы тиіс. Егер азамат өз құқығы бұзылды деп есептесе, сотқа жүгінуге толық құқылы. Министр орынбасары өзі қызмет атқарған кезеңде мұндай заңсыз әрекеттер тіркелмегенін атап өтті.
Сонымен бірге министрлік өкілдері әскерге шақырудың нақты алгоритмі барын түсіндіреді. Азамат алдымен жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазын алуға тиіс. Егер шақырту азаматтың өзіне табысталмаса, оны жеткізу ішкі істер органдарына жүктеледі.
Ал полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған жағдайда ғана азамат мәжбүрлі түрде жеткізілуі мүмкін. Бұл – әскерге бірден алып кету емес, шақыру пунктіне жеткізу шарасы. Онда оның қызметке жарамдылығы, кейінге қалдыру немесе босату негіздері анықталады.
Дегенмен қоғамда резонанс тудырған жайттардың бір бөлігі тәжірибеде әскерилердің өздері тарапынан кеткен олқылықтармен байланысты болғанын Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары да жоққа шығармайды.
Осыған байланысты 2025 жылы маңызды шешім қабылданып, көшеден, ойын-сауық орындарынан және қоғамдық кеңістіктен әскерге шақырылушыларды ұстап әкетуге ресми түрде тыйым салынды. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабының өкілі Фархат Айдарбаев арнайы мәлімдеп, тиісті министрлік бұйрығы бар екенін растады.

Енді жоғарыда айтып кеткендей, шақыру процесі барынша ашық форматта жүргізіледі. Азаматтарға шақырту қағаз жүзінде ғана емес, 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарлама түрінде жолданады.
Билік өкілдері көшеден күштеп әкетуге тыйым салынғанымен, әскери міндеттен жалтару жауапсыз қалмайтынын ескертеді. Әкімшілік кодекске сәйкес, шақыру бойынша келмегендерге айыппұл қарастырылған.
Ал Қылмыстық кодекске сай, әскери қызметтен қасақана жалтарған азаматқа 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Денсаулығына әдейі зиян келтіру немесе жалған анықтама жасау да қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Мамандардың айтуынша, дау туғызған тағы бір мәселе – оқуға түсу кезеңі мен әскерге шақыру мерзімінің сәйкес келмеуі. Мектеп түлектері ЖОО-ға құжат тапсырғанымен, қабылдау нәтижесі кеш шығатындықтан, көктемгі шақыру кезінде студент мәртебесін ала алмай қалады. Осы аралықта оларды әскерге шақыру жағдайлары кездеседі.

Сарапшылар бұл түйткілді шешу үшін министрліктердің дерекқорларын толық сәйкестендіріп, оқуға өтініш берген талапкерлерді автоматты түрде кейінге қалдыру тетігін енгізуді ұсынып отыр.
Сонымен қатар заңнамада кейінге қалдыру мүмкіндігін шектеу бағытында өзгерістер қарастырылған. Бұдан былай әр білім деңгейінде әскерден бір рет қана босатуға рұқсат етіледі. Бұл бакалавриат, магистратура және докторантура арқылы әскерден ұзақ уақыт жалтару тәжірибесін тоқтатуға бағытталған. Әскери кафедра арқылы «қысқа жолмен» әскерден босауға қатысты олқылықтарды жою мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Билік әскерге баруға ынталандыру тетіктерін де қатар ұсынып отыр. Қазір мерзімді қызметін өткергендерге несие төлемдерін кейінге шегеру, жоғары оқу орындарына арналған мыңдаған грант бөлу, әскери есепті толық цифрландыру сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
Осылайша, соңғы өзгерістердің басты өзегі – бұрын қоғамда сынға ұшыраған «көшеден ұстап әкету» тәжірибесіне заң жүзінде тосқауыл қою. Мемлекет бір жағынан тәртіп пен жауапкершілікті күшейтсе, екінші жағынан әскерге шақыру рәсімін ашық, түсінікті әрі құқықтық шеңберде жүргізуге көшіп отыр.
Қарулы Күштердің даярлығы күшейді
2025 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде жауынгерлік даярлық жүйелі түрде жоспарланып, жоғары қарқынмен жүзеге асырылды. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, бұл оқу жылы барысында жалпы шамамен 60 мыңнан астам жауынгерлік даярлық іс-шарасы өткізілді.

Жыл бойына оқу-жауынгерлік дайындықтар әртүрлі бағыттарды қамтыды. Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімдері оқудың негізгі бөлігін орындады. Әскери-әуе күштері күндізгі және түнгі уақытта мыңға жуық ұшу ауысымын орындап, ұшқыштық техника мен күрделі метеорологиялық ахуалдарда оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау машықтарын жетілдірді.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен бөлімшелерінде 760 жауынгерлік үйлестіру іс-шарасы өткізілді. Әскери-теңіз күштерінде есепті кезеңде 188 рет теңізге шығу жүзеге асырылды, ал кеме экипаждарының жүзу қашықтығы 25 мың теңіз милінен асты.

Жауынгерлік дайындықтың қорытынды кезеңдерінде Қарулы Күштердің түрлі әскер тектері мен арнайы бөлімшелерінің қатысуымен шамамен 4,5 мың жауынгерлік атыс пен тактикалық оқу-жаттығу өтті. Бұл жаттығулар оқу-жауынгерлік тапсырмаларды әртүрлі жағдайларда тиімді орындауды пысықтауға бағытталды.
Сонымен қатар 2025 жылы «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық», «Каспий бризі» сияқты ірі жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, бөлімшелердің өзара әрекеттестігі мен қазіргі заманғы әскери қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып әзірленген тактикалық тәсілдер сынақтан өткізілді.
Қазақстандық бітімгерлер: Голан жотасындағы миссия
Қазақстандық әскери қызметшілердің кәсібилігі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Голан жотасында қызмет атқарған бітімгерлерге БҰҰ миссиясының қолбасшысы, Гана Республикасы армиясының генерал-майоры Анита Асма Біріккен Ұлттар Ұйымының медальдарын табыс етті.

Бір жыл бойы бітімгер міндетін атқарған 99 әскери қызметші елге оралды. БҰҰ мандаты аясында орналастырылған қазақстандық контингент құрамына 139 әскери маман кірді. Олардың негізгі міндеті – Сирия мен Израиль арасындағы атысты тоқтату режимін бақылау және аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Бірінші ұлттық контингенттің командирі, подполковник Жігер Айыповтың айтуынша, қазақстандық контингент жауапкершілік аймағында патруль жүргізу, гуманитарлық жүктер мен БҰҰ өкілдерін аймақ ішінде және сыртында алып жүру, оқ-дәрілерді іздеу және жою секілді міндеттерді атқарды.
Айта кетейік, 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштері UNDOF құрамында Сирия Араб Республикасы аумағындағы Голан жотасына жеке ұлттық бітімгерлік контингент жіберді.
Осы жыл ішінде БҰҰ миссиясы құрамында қызмет ететін бөлінуді бақылау жөніндегі Қазақстан контингентінің инженерлік-саперлік тобы аумақты қауіпті заттардан тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.

Миссия барысында қазақстандық бітімгерлер инженерлік және күзет міндеттерін орындап, аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосты. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, саперлер мыңнан астам жарылғыш затты жойды.
Миссияның аяқталуына байланысты жеке құрамның әрі қарайғы қызметі де нақтыланды. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар сұрағына жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев бітімгерлердің өз әскери бөлімдеріне қайта оралатынын айтты.
2024 жылы Сенат Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы UNDOF миссиясына ресурс ұсыну жөніндегі меморандумды ратификациялау туралы заңды мақұлдады. Сенатор Андрей Лукиннің айтуынша, құжатта қазақстандық контингенттің қатысуына байланысты БҰҰ тарапынан өтемақы төлемдері көзделген.
БҰҰ төлемдерінің жалпы сомасы жылына шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде жеке құрам үшін – 2,4 млн АҚШ доллары, техника, қару-жарақ пен мүлікті пайдаланғаны үшін – 2,6 млн АҚШ доллары.
Голан жотасынан оралған әскери қызметшілер Қазақстан аумағында қызметін жалғастырды. Олар елордада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысып, халықаралық миссияда жинаған тәжірибесін паш етті. Парадтық есептопты Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы, І және II дәрежелі «Айбын» ордендерінің иегері подполковник Жігер Айыпов бастады.

Қазақстандық әскери қызметшілер Батыс Сахарада, Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасында, Сирияда, Ливанда, сондай-ақ Израиль мен Палестина арасындағы атысты тоқтату режимін бақылау жөніндегі миссияда қызмет атқарды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Сирия бағытындағы UNDOF миссиясына қатысу Қазақстан Қарулы Күштерінің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздің халықаралық бейбіт бастамаларға қосқан сүбелі үлесін көрсетті.
Әскердегі әлімжеттікпен күрес
Соңғы жылдары әскердегі тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты қоғамның алаңдаушылығы күшейе түсті. Қаза тапқан және ауыр жарақат алған сарбаздардың аналары бірнеше рет мемлекеттік органдарға жүгініп, әділ тергеу мен ашықтықты талап етті. Бұл үндеулер назардан тыс қалған жоқ.
Қорғаныс министрлігі әскердегі жағдайды бақылауда ұстау мақсатында бірқатар шара қабылданып жатқанын мәлімдейді.
Министрдің орынбасары Қаныш Әбубәкіровтің айтуынша, әскери бөлімдерде бейнебақылау күшейтіліп, психологтердің жұмысына басымдық берілген. Оның дерегінше, биылғы әскерге шақыру кезінде 700-ден астам жас азаматтың әскери қызметке психологиялық тұрғыда дайын емес екені анықталған. Министрлік өкілі мұны жастардың жайлы ортадан шығуға әзір еместігімен байланыстырды.

Қорғаныс министрлігі әскерде әлімжеттік жоқ екенін бірнеше рет қайталады. Ведомство бастығы Дәурен Қосанов аналардың көтерген мәселелерінің басым бөлігі тергеу іс-шараларына қатысты екенін айтып, бұл істерді Ішкі істер министрлігі Бас әскери прокуратураның қадағалауымен жүргізіп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, әскери бөлімдерде тәртіпті күшейту, камера орнату, командирлер мен психологтердің жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге, айына бір-екі рет БАҚ өкілдеріне арналған арнайы сапарлар ұйымдастырылады. Дегенмен министр «әскерді қоғамнан бөліп қарауға болмайды» деп, түрлі келеңсіз жағдайлар азаматтық өмірде де кездесетінін атап өтті.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударды. Президент әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарының арыз-шағымын 12 күн ішінде қарастыруды тапсырып, тергеу барысында заңның қатаң сақталуын Бас прокурорға жүктеді.
Алайда Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің дерегі қоғамдағы алаңдаушылықты одан әрі күшейтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда елдегі әскери бөлімдерде 270 сарбаз қаза тапқан. Бұл статистика Парламент қабырғасында да өткір сұрақтардың қойылуына себеп болды. Көшпелі Үкімет сағатында депутаттар әскердегі өлім мен суицидтің қашан тоқтайтынын ашық сұрады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев әскердегі келеңсіздіктердің бір бөлігін сарбаздардың әскерге дейінгі әлеуметтік ортасымен байланыстырды. Оның сөзінше, отбасындағы, мектептегі тәрбие, қоғамдағы теріс құбылыстар мен психологиялық тұрақсыздық әскердегі жағдайға әсер етпей қоймайды. Осыған байланысты министрлік әскери психологтердің біліктілігін арттырып, жергілікті психологиялық орталықтарды тартып, жасанды интеллект негізіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін телеграм-ботты іске қосқан.
Алайда бұл уәжбен бәрі бірдей келісе қойған жоқ. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева мәселені тек психологтердің жұмысына тіреп қою жеткіліксіз екенін айтып, негізгі жұмыс әскери бөлімдердің өз ішінде жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты.

Қаза тапқан және жарақат алған сарбаздар аналарының өтінішіне қатысты Бас прокуратура да ресми мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдері аналардың уәжі назардан тыс қалмайтынын, олар жеке қабылдауларға шақырылып, әрбір іс заң шеңберінде қаралатынын жеткізді.