Жаңа ереже: Алматыда мопедтерге рейд жүргізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанда 5 сәуірден бастап мопедтерді басқарудың жаңа ережелері күшіне енді. Алматыда полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігін, мопедті тіркеуді тексерді.

Жаңа ереже: Алматыда мопедтерге рейд жүргізілді
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Құжатсыз және қорғаныс құралдарынсыз мотоциклдерді басқаратын кәмелетке толмаған жүргізушілерге ерекше назар аударылды.

— Біз бұл рейдті айыппұл салу үшін өткізіп жатқан жоқпыз. Біздің мақсатымыз — ескерту, түсіндіру және жаңа талаптарға бейімделуге көмектесу. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мопедтер жол апаттарына жиі ұшырап жатыр. Жүргізушілер арасында куәлігі мен дұлығасы жоқ жасөспірімдер жиі кездеседі. Біз мұның қайғылы оқиғамен аяқталуын қаламаймыз. Полиция ішкі істер министрі жариялаған алдын алу жылы аясында әрекет етуде. Біз қауіпсіздік пен тәртіпті жақтаймыз және барлығын – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді - Заңды сақтауға шақырамыз, — деді, Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Айтуынша, жыл басынан бері Алматы жолдарында мопедтердің қатысуымен 197 жол апаты болды. Салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 203 адам әртүрлі ауырлықтағы дене жарақатын алды.

— Бұл статистика өзі айтып тұр. Жаңа ережелер жай ғана формальдылық емес. Бұл жолдардағы тәртіп пен өмірді сақтауға жасалған қадам. Адамдар ережелерді сақтаудың маңыздылығын түсінгенін қалаймыз, — деді Серік Шумаев.

Бұған дейін мопедтерін тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгенін жазған едік. 

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне жаза қатаңдатылатыны туралы айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар