«Жаңа Қазақстанда» әр адам өзгерісті өзінен бастауы керек - еңбек ардагері
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Еңбек ардагері Нұрхан Ағниязов Мемлекет басшысының «Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталады» деген сөзіне үлкен сенім артады. Ол бұл жолда әр адам өзгерісті өзінен бастағаны жөн екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе» телеарнасының «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасына еңбек ардагері Нұрхан Ағниязов қатысты.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысындағы айтқан тұщымды ойы мен алда атқарылар жұмыстар жайына тоқталды.
Әсіресе «Қаңтар оқиғасы» сабағы шын мәнінде жаңа бастамалардың бастамасы болатынына сенім білдірді.
«Президент өз сөзінде «Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз.Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді» деп айтты. Шын мәнінде де экономика әртараптандырылып, шағын және орта бизнеске көп көңіл бөлуіміз керек. Бұл жұмыс қағаз жүзінде емес, нақты іске асырылса ғана тиімді. Мен Прездентті қолдаймын, оның осы жолын дұрыс деймін. Әруақытта жақсы өзгерістер әкелетініне сенімім мол. Даттап, тырнақ астынан кір іздемей, болашаққа сеніммен қарап, болашағымыз жарық болуы үшін бәріміз де атсалысуымыз керек. Оның әркім міндетті түрде өзінен бастауы керек», - деді еңбек ардагері Нұрхан Ағниязов.
Ол мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде көп кедергілердің адам жолын кесетінін жасырмады.
Сондықтан алдымен жемқорлықпен күрес жолының ашық болғанын қалайды.
«Біріншіден, жемқорлықпен күрес жұмысы. Біз көп жағдайда болдырмау жолын емес, болған соң жазалауға көшкенбіз. Екіншіден, урбандалу деп ауыл халқы қалаға үдере көшіп жатыр. Ауыл қаңырап қалды. Ал қалада өз орнын таппай жүрген жастар көп. Сол себепті ауылды дамытуымыз керек. Бағдарламалар сөз жүзінде емес, іс жүзінде іске асырылуы тиіс. Иә, талай бағдарлама болды. Кейбірі қағаз жүзінде іске асса, ал екіншілері қағазбастылыққа толы. Өз ісін бастап, грант алғысы келсе, есік қағып, табалдырық тоздырып жүрді. Сондықтан атқарушы билік жұмыс тәсілін өзгертуі керек. Айтқым келгені, Жаңа Қазақстанда бір бөлшекті емес, түбегейлі өзгеруіміз керек. Билік те, халық та, жас та өзгеріп, бәрі бір болуы керек. Менің өзімнің үмітім бар, сенемін», - деді Нұрхан Ағниязов.