Жаңа Конституцияда адам құқығын қорғауға қатысты қандай өзгеріс бар

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасында адвокатура мәртебесінің бекітілуі — маңызды қадам. Бұл жөнінде Ұлытау облысы Адвокаттар алқасының адвокаты, Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі Гауһар Айтжанова мәлімдеді.

Гаухар Айтжанова
Фото: Гауһар Айтжанованың жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, сот барысында және заңгерлік көмек көрсету кезінде адам құқығын қорғаудағы адвокатураның рөлі алғаш рет конституциялық деңгейде бекітіліп отыр. Бұл бүкіл құқықтық жүйеге маңызды белгі.

— Бұл — маңызды қадам. Себебі мемлекет адам құқығы мен бостандығын қорғаудағы адвокатураның айрықша рөлін іс жүзінде мойындап отыр, — дейді адвокат.

Алайда, Гауһар Айтжанованың пікірінше, аталған норманың ресми сипаты басым. Өйткені, Конституция адвокатураның рөлін бекіткенмен, адвокаттардың қызметін қорғау жөнінде ешқандай сөз қозғалмайды.

— Адвокаттар заң жүзінде тәуелсіз болмаса және қорғалмаса, онда азаматтардың қорғану құқығы да болмайды, — дейді ол.

Адвокат, әсіресе, «заңгерлік көмекті адвокаттар немесе басқа тұлғалар көрсете алады» деген тармаққа айрықша мән береді. Оның пікірінше, азаматтық-құқықтық дауларда бұл ақылға қонымды. Ал қылмыстық қудалауға қатысты істерде, күдіктіні тұтқындаған немесе бас бостандығын шектеген жағдайда бұл тармақ сай келмейді. Ондай кезде заңгерлік көмек — қызмет көрсету емес, азаматтардың құқығын қорғауға конституциялық кепілдік ретінде қарастырылуы тиіс.

— Адвокаттың кез келген «басқа да тұлғалардан» ерекшелігі — адвокаттық құпияға ие болуында және қудалау органдары мен процессуалдық құқықтардан тәуелсіздігінде. Егер осы айырмашылықтар заңда нақты көрсетілмесе, азаматтардың қорғану құқығы да бұзылуы мүмкін, — деп есептейді Айтжанова.

Оның көзқарасынша, Конституция адвокатураны атап өтіп қана қоймай, оның негізгі ұстанымдарын бекіткені дұрыс. Демек, адвокаттың тәуелсіздігі, өзгелердің адвокаттық құпияға араласуына тыйым салу және адвокаттық құпияны сақтау секілді басты ұстанымдар заңмен қорғалуы керек. Салалық заңнама одан әрі егжей-тегжейлі реттеуі мүмкін. Бірақ негізгі қағидаттар Конституцияда нақты әрі ашық көрсетілуі қажет.

Жалпы, адвокаттың сөзінше, конституциялық реформаның негізгі мақсаты — қағаз жүзіндегі құқық қорғау заңдары мен шынайы өмірдегі құқық қорғау тәжірибесін өзара үйлестіру.

— Конституция ұзақ уақыт бойы жалпы бағыт-бағдар ретінде ғана қолданылып келді. Ал күнделікті өмірде сот жүйесінде адам құқығын қорғау қарапайым заңдар және құқық қорғау тәжірибесі арқылы жүзеге асып келді. Реформа жасаудағы мұрат — Ата заңды декларация күйінде ғана қалдырмай, мемлекет және сот жүйесінде іс жүзінде қолданылатын нақты стандартқа айналдыру.

Адвокаттың айтуынша, реформаның тағы бір міндеті — адам құқықтары мен көпшілік мүддесі арасындағы тепе-теңдікті айқындау. Мұндай маңызды ұстаным жағдайға байланысты аяқастынан туындап, өзгеріп отырмай, Конституцияда нақты бекітілуі керек.

Ал сот жүйесін реформа автоматты түрде толықтай тәуелсіз қыла алмайды. Бірақ айтарлықтай оң әсерін тигізеді.

— Конституциялық ережелер қатаңдатылып әрі нақтыланып келеді. Демек, жөн-жосықсыз шешім шығаратындардың аясы тарылады, — дейді адвокат.

Процессуалдық кепілдіктердің Конституция деңгейінде күшеюі — оның ойынша, сот тәжірибесіне тікелей әсер етеді.

— Кінәсіздік қағидаты, жеке бостандықты қорғау тәрізді ұстанымдар конституциялық норма ретінде бекітілген кезде, сот олардан аттап өтіп, қағаз жүзіндегі айыптауға ойыса алмайды, — деп түйіндеді Гаухар Айтжанова.

Еске салайық, бұған дейін Жаңа Конституция жобасы Good Governance қағидаттарын институционалдық тұрғыда күшейтетіні хабарланған болатын.

Алпамыс Файзолла

Соңғы жаңалықтар