Жаңа Конституциялық бағыт прогреске жетелейді - саясаттанушы

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституция жобасы елдің саяси-құқықтық дамуында маңызды кезең саналады. Абай атындағы ҚазҰПУ әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Жомарт Сімтіковтің айтуынша, құжаттағы өзгерістер тек техникалық түзетулермен шектелмей, қоғамдағы қазіргі ахуалды және болашақ сын-қатерлерді ескеруге бағытталып отыр.

Жомарт Сімтіков
Фото: kisi.kz

Ғалымның пікірінше, құжаттағы өңірлік даму мәселесіне қатысты енгізілген арнайы құқықтық режимдер орынды шешім болып көрінеді.

– Қазақстан сияқты аумағы кең, бірақ өңірлер арасындағы экономикалық алшақтық сақталып отырған ел үшін мұндай тетік унитарлық мемлекеттің тұтастығын сақтай отырып, дамуды теңестіруге мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте ұсынылған өмір бойына сайлану құқығынан айыру нормасы – принципті әрі саяси жауапкершілікті арттыратын қадам, – дейді Жомарт Сімтіков.

Сонымен қатар саясаттанушы соғыс пен қарулы қақтығыстарды насихаттауға тыйым салудың кеңейтілген формасы Қазақстанның бейбітсүйгіш саясатын конституциялық деңгейде нақтылай түсетінін атап өтті.

– Бұл – қоғамды радикалданудан қорғап, азаматтардың шетелдік немесе ішкі қақтығыстарға тартылуының алдын алуға бағытталған маңызды қорғаныс механизмі. Президенттік басқару жүйесіне қатысты енгізілген бір реттік жеті жылдық мерзім мен билік сабақтастығының нақты тәртібі де саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. Уақытша өкілеттіктер мен екі ай ішінде сайлау өткізу талабы билік вакуумына жол бермейтін айқын әрі ашық механизм қалыптастырады, – деп санайды ғалым.

Саясаттанушының ойынша, ұсынылып отырған Конституция жобасы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға және ұлттық мүддені заманауи сын-қатерлер жағдайында қорғауға бағытталған жүйелі құжат ретінде бағалануға лайық.

Айта кетейік, алдағы уақытта жаңа Конституция жобасын халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстары қарқын алмақ.

Соңғы жаңалықтар