Жаңа кітапханалар, UEFA аренасы, «Қазақстан» спорт кешені: елордада қандай нысандар салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жыл соңына дейін қандай мәдени нысандар пайдалануға беріледі? «Қазақстан» спорт кешенін қайта жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеп, қала әкімдігіне ресми сауал жолдаған едік.

нысан, ғимарат
Коллаж: Kazinform; Gov.kz

Мәдениет басқармасының хабарлауынша, жыл соңына дейін қалада оқу мен араласуға арналған екі жаңа заманауи алаң ашылады. Жаңа кітапханалар Сарайшық ауданындағы А91 көшесінде және Байқоңыр ауданындағы К.Иманов көшесінде бой көтермек. Биыл Есіл ауданында жаңа кітапхана ашылып, тағы үш қалалық кітапхана жаңғыртылды.

Осылайша, елордада әкімдікке қарасты кітапханалардың жалпы саны 25-ке жетеді.

- Кітап оқуға деген қызығушылықтың қайта оралғанын байқап отырмыз. Жаңа кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, барлық жастағы тұрғындарға арналған заманауи мәдени орталыққа айналып жатыр, - деді басқармадан.

Оқырмандар саны 80 мыңнан 90 мыңға дейін өсті, ал кітап қоры 750 мың данаға жетті.

Әкімдік өкілдері Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионның орнында бой көтеретін жаңа аренаның егжей-тегжейін де айтты. Стадион 1936 жылы салынған, ескі ғимарат апатты жағдайда деп танылып, толықтай бұзылды.

Жаңа аренаның жалпы ауданы – 18 950 шаршы метр. Инклюзив қағидаттарына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындар қарастырылған.

- Кешеннің сыйымдылығы 3 598 орын, футбол алаңының өлшемі 105×68 метр, ол Қазақстан футбол федерациясының классификациясы бойынша IV санатқа сай келеді, - деп мәлімдеді елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Жаңа арена UEFA-ның халықаралық стандарттарына толық сәйкес болады, ол жоғары деңгейдегі жарыстар мен халықаралық турнирлер өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда көрермендер мен спортшыларға арналған жайлы аймақтар, заманауи инженерлік жүйе мен бұқаралық іс-шараларға арналған алаңдар салынады.

«Қазақстан» спорт кешеніне келсек, оның қайта жаңғырту жалғасып жатыр. Аталған нысанның тағдыры бірнеше жылдан бері қала тұрғындарының ерекше назарында. Жаңарту жұмыстарынан кейін кешеннің жалпы ауданы 37 664,3 шаршы метр заманауи көпфункционалды орталыққа айналады.

2000 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді қажет еткен. Бірнеше жыл бұрын спорт кешенінің тек қаңқасы қалған еді, ал Алматы ауданының тұрғындары елорданың ең танымал спорт нысандарының бірі қайта жанданады деп күтеді.

Негізгі мұз айдыны трансформер жаппамен жабдықталады, демек спорттық та, мәдени іс-шаралар да өткізуге мүмкіндік. Қайта жөндеуден кейін мұз айдынының сыйымдылығы 6 000 орын, бассейннің сыйымдылығы 1 200 орын, ал жылжымалы трибуналарға қосымша 1 000 орын қосады.

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, жаңартылған кешен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартылыс орталығына айналмақ.

Айта кетсек, Астана қаласында Республика күні қарсаңында жаңа №7 балалар кітапханасы ашылды. 

Еске салайық, бүгінде елімізде УЕФА стандарты бойынша салынған үшінші стадион ашылды. 

Елордадағы Мұңайтпасов стадионы мен «Қазақстан» спорт сарайының құрылысы мәселесін бұған дейін де жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар