Жаңа оқу жылында Қазақстанда 200-ден астам мектеп салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылында 200-ден астам мектеп бой көтермекші. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

последний звонок, выпускной, первый звонок, школа, ученики, мектеп, алғашқы қонырау, сонғы қонырау
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

 Ведомствоның мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында 300 мыңнан астам оқушы орнына есептелген 200-ден астам жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 206 мың оқушы орнына арналған 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріледі. Жаңа мектептердің жартысына жуығы ауылдарда орналасады.

— Бұл жобаларды жүзеге асыру қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға, 15 апатты мектеп мәселесін шешуге, үш ауысымды оқытуды және 150 мыңға жуық оқушы орны тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Қосымша 1000 ауыл мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаз жаңартылады, кітапханалар, асханалар мен қауіпсіздік жүйелері жабдықталады. Сонымен қатар химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынады, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымы форматына көшу үшін 2029 жылға дейін 1231 мектепті жаңғырту бағдарламасы басталады. Биыл 248 мектеп реновациядан өтеді. Бұл мектептерде шатырлар ауыстырылып, қасбеттер мен терезелер жаңартылады, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақ көгалдандырылып, абаттандырылады.

Еске сала кетейік, 2019 жылдан бастап Қазақстанда білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 1200 жаңа мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушы орны қамтамасыз етілді. Бұл шаралар мектептердің шамадан тыс жүктемесін және үш ауысымды оқытуды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 3000 мектеп бір ауысыммен жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі мектептер бір ауысымды оқыту жүйесіне қадам басқанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар