Жаңа перзентхана, тікұшақ алаңы: Астанадағы Шұғыл медицина орталығы қалай жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина орталығы жыл басынан бері шетелде жарақат алған 5 отандасымызды елге жеткізді. Мұның бәрі Кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясында тегін жүргізіледі. Сондай-ақ, Шұғыл медиина орталығы Астанада жаңа корпус ашып, 29 бағытта ем-домды бастап кетті және наурыз айынан бері 3 мыңға жуық науқасқа кезек күттірмейтін көмек көрсетіп үлгерген.

Қандай науқастар елге тегін жеткізіледі
Орталықтың басқарма төрағасы Ержан Әділбековтың айтуынша, санавиация ұшағы 4 айда Мысыр, Түркия, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Германиядан ауыр халдегі бес қазақстандықты эвакуациялаған.

− Жақында біздің мамандар Мысырға рейс жасап, инсульт алған қазақстандық әйелді елге жеткізді. Өкінішке қарай, кейде онкологиялық ауруларға байланысты азаматтарымыз Кореяға, Түркияға емделуге кетеді. Тура сондай сапалы ем мен заманауи жабдықтар өз елімізде де бар. Астанадағы жаңа онкологиялық орталықта шетелден кем түспейтін мамандар мен жабдықтар бар. Көп жағдайда олар 3-4 кезеңде, яғни асқынған жағдайда өз қаражатымен барады. Ал кейін жағдайы күрт нашарлап, қаражаты таусылып, бізге жүгінеді. Біз ондай науқастарды елге әкелуге тырысамыз, − деді Е.Әділбеков БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында.

Бұл ретте шет елдерден эвакуация науқастың қалауымен емес, бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Түпкілікті шешімді медициналық комиссия қабылдайды.

− Жалпы еліміз бойынша 11 ұшақ (АН-2) және 16 тікұшақ (МИ-8, Eurocopter-145) науқастарды тасымалдап жүр. Олар өңірлерде, аудан орталықтарынан облыс орталықтарына дейін ұшады. Бұған қоса, Астана мен Алматы қалаларында Pilatus PC-12 және Як-40 ұшақтары бар. Жыл сайын қазақстандықтарды эвакуациялау үшін шетелге орта есеппен 10-15 рейс жасалады, − деді ол.

Науқастарды эвакуациялаудан бөлек, санитарлық авиация желісі арқылы трансплантацияға арналған ағзалар мен оны таситын медициналық бригадалар да тасымалданады.

Жаңа корпус Астана перзентханаларының жүктемесін азайтады
Бұл науқастар бұрын әртүрлі ауруханаларға орналастырылса, қазір Шұғыл медицина орталығының жаңа корпусына бірден жеткізіледі. Жаңа корпус биылғы наурыз айында ашылды. Мұнда шұғыл көмектің барлық түрі көрсетіледі, бұл үшін жалпы хирургия, акушерлік, гинекология, урология, нейрохирургия, кардиология секілді 9 клиникалық департамент ашылып, 29 түрлі ем-дом тізбесі бекітілген.

− 17 наурыздан бері 3 мыңға жуық науқасқа кезек күттірмейтін көмек көрсетіп үлгердік. Қазір де жалпы 250 төсек-орынның 224-інде науқастар жатыр. Қалған орындарды кеше ғана іске қосылған акушерлік бөлімге сақтап отырмыз. Өйткені біз Астананың жаңа Нұра ауданын толыққанды жедел жәрдем қызметімен қамтып отырмыз. Кеше ғана акушерлік бөлімшемізге алғашқы жүкті әйел түсіп, қазақ еліне бір ару қосылды. Бұл тұтас Астананың перзентханаларына артылған жүктемені жеңілдетеді, − деп түсіндірді орталық басшысы.

Жаңа корпус алдыңғы қатарлы медициналық жабдықтармен қамтылған: КТ (256 кескін), МРТ (3 тесла), ангиографтар, УДЗ аппараттары және KINEVO 900 роботты хирургиялық бейнелеу жүйесі бар. Ота жасайтын 12 зал да гибридтелген.

Орталық аумағында арнайы тікұшақ алаңы мен санитарлық авиация үшін ангар орналасқан, бұл өңірлерден науқастарды жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін 2200-ден астам әуе рейсі орындалып, 44 мыңнан астам науқас тасымалданған.

− Мысалы Жезқазған облысында бала босанған әйелдің жағдайы асқынып, бүйректері істен шыққан еді. Ол дереу біздің орталыққа жеткізілді және екі айға жуық ем қабылдады. Солтүстік Қазақстан облысында да жақында жанармай бекетінде жарылыс болып, адамдарды күйік шалды. Олардың бәрі біздің орталықта емделіп жатыр. Яғни өңірлерде қажетті жабдық пен маман жетіспеген жағдайда, адам өмірі таразыға түскенде біздің орталық көмектеседі, − дейді дәрігер.
Бұл қызметтің бәрі қазақстандықтарға тегін көрсетілсе, шетелдіктер үшін ақылы. Басқа ақылы қызмет алғысы келетіндерге де жағдай жасалған. Осылайша, наурыз айынан бері 2,5 мың қазақстандық тегін емделген және 14 шетелдік және 28 адамға ақылы қызмет көрсетілген. Дей тұрғанымен, шұғыл медициналық көмектің «Медициналық туризмде» маңызды орын алуы екіталай.

Сонымен бірге, ғимаратта Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Олар ми қан айналымы бұзылған науқастарға көмек көрсетуде әдіснамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
Одан бөлек, жүрек ырғағының бұзылуын диагностикалауға мамандандырылған Жүрек ырғағы орталығы, Шұғыл көмек көрсету бойынша оқу-тренинг орталығы, ауыр халдегі науқастарды тәулік бойы бақылайтын телемедицина және Ситуациялық орталық жұмыс істейді.
Енді жедел жәрдем қызметтері бір орталыққа бағынады
Ұлттық шұғыл медицина орталығының жаңа корпусы Қазақстандағы барлық жедел жәрдем қызметтерінің бірыңғай басқару жүйесіне бірігуіне ықпал етті.
− Бұрын бұл қызметтер әр жерде жеке-дара жұмыс істеген болса, қазір біз жаңа деңгейге көтерілдік. Енді бізде еліміздегі барлық жедел жәрдем қызметін үйлестіріп отыратын арнайы үйлестіру орталығы ашылды, − деді Ержан Әділбеков.
Оның айтуынша, күштерді біріктіру нәтижесінде жедел жәрдем жүйесіне жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Соның ішінде бригадалардың науқастарға жету уақыты қысқарып, жеделдігі артқан.

Сонымен бірге, санитарлық авиация паркінің жаңартылуына, жаңа әуе кемелерінің алынуына да ерекше көңіл бөлініп отыр.

− Қазіргі уақытта инвестициялық келісімдер жасалып жатыр. Соның аясында біз барлық әуе кемелеріміз заманауи, жаңа болғанын қалаймыз. Жалпы біз посткеңестік елдердің ішінде санитарлық авиацияны сақтап қалған санаулы елдің біріміз. Біз оны әрі қарай дамытып жатырмыз, − деді Е. Әділбеков.
Айта кетейік, былтыр Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 1,1 трлн теңгеге медициналық көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, Қазақстанда ана өлім-жітімі азайған.