Жаңа салық кодексі 2026 жылы 1 қаңтарда іске қосылады деп жоспарлап отырмыз - депутат
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Жаңа салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Kazinform тілшісіне берген жауабына айтты.

Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты әрі жаңа салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев заң жобасының маңыздылығын түсіндірді.
- Салық кодексі - өте маңызды құжат. Жаңа заң жобасы бюджетті толықтыру жолы ғана емес, қаржылай нарықты дұрыс реттеудің тиімді механизмдерінің бірі. Егер салық кодексіне байланысты жиі талқыға түсетін сұрақтарға келсек, салық төлейтін адам әрқашан “көп төлеп жатырмын” деп ойлайтын болады. Ал мемлекет немесе мемлекеттік кірістер комитеті әрдайым “салық аз жиналды” деген ұстанымда болады. Сондықтан мұнда осы мәселенің бәріне ортақ жауабын тауып, салық елге келетін инвестицияларды көбейтетіндей жолын табуымыз қажет, - деді ол.
Сондай-ақ депутат салық кодексі қашан қабылданып, заң қашан іске қосылуы мүмкін екенін атап өтті.
- Заң наурыз айында Мәжілістен шығады деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін ол Сенатта 2 ай қаралуы керек. Сосын Мемлекет басшысы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына қол қояды деген жоспар бар. Солай болатын болса, салық кодексі 2026 жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады, - деді Берік Бейсенғалиев.
Еске салайық, Президент жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болатынын айтты.
Бұған дейін жаңа салық кодексінде төлемдер саны 77-ге азайып, 6 алым түрі қысқартылмақ екенін жазғанбыз.
Сондай-ақ жаңа салық кодексінде жоспарлы салықтық тексерулер алынып тасталмақ.
Оған қоса, жаңа заң жобасы бойынша ескі көлік салығы 50%-ға төмендейді.