Жаңа Салық кодексінің ескісінен қандай ерекшелігі бар

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Astana Open Dialogue сараптамалық платформасының екінші отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексінің ескісінен қандай ерекшелігі бар екенін айтты.

Жаңа Салық кодекс
Коллаж: Kazinform

— Бізге «жаңа Салық кодексінің ескісінен қандай ерекшелігі бар?» деп жиі сауал қояды. Осы жерде қысқаша түсіндіруге тырысайын. Естеріңізде болса, 2001, 2009, 2018 жылдардағы кодексте орын алған өзгерістер негізінен салық саясатына қатысты болды. Сол уақытта мөлшерлемелер өзгертіліп, ҚҚС 20-дан 12 пайызға, корпоративтік табыс салығы 30-дан 20 пайызға төмендетілді. Жер қойнауын пайдаланушылар салығы артып, шағын және орта бизнеске арнаулы салық режим өзгертілді. Бұл өзгертулер әрбір Салық кодексінде болды. Бірақ, осы жылғы өзгерістер, негізгі басымдық — бұл салықтық әкімшілеу. Осы Салық кодексінде біз негізінен салықтық әкімшілеу өзгерістерін енгізіп отырмыз, — деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, сервистік модель енгізіледі. Яғни, салық төлеуші тіркелген сәттен бастап жабылғанға дейін салық органдарының сүйемелдеуіне ие болады. Сонымен қатар, салық органдары мен салық төлеушілердің арасындағы жаңа өзара қарым-қатынас та қарастырылып жатыр.

— Осылар негізгі өзгерістер болмақ. Әрине, бізде салықтарды қысқартуға, жеңілдіктерді жоюға және арнаулы салық режимдерін жақсартуға қатысты жеке тапсырма болды. Мұның бәрі салық кодексінде, жобасында көрініс тапқан. Мұны қазіргі уақытта Мәжіліс алаңында талқылап жатырмыз, — деді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа салық кодексі жобасына сәйкес ескі көлік салығы 50%-ға төмендейтіні мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар