Жаңа жыл қарсаңында алаяқтық құрбаны болмау үшін не істеу керек
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері де көбейе түседі. Жалған шырша сатудан бастап, тауарларға арналған жалған науқандар мен «тиімді» ұсыныстарға дейін кездеседі. Сақтықты жоғалтпау жолдары туралы Kazinform материалынан оқи аласыз.
Әлеуметтік желідегі жалған науқандар мен дүкендер
Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар хабарламасы маркетплейстерде де, әлеуметтік желілерде де пайда болады. Көбінесе қаскөйлер тұрмыстық техника, смартфондар және басқа да сұранысқа ие тауарларды «науқан» немесе «қойманы босату» деген желеумен төмен бағамен ұсынады.
Әсіресе полиция қызметкерлері Instagram желісіндегі жалған интернет-дүкендерді ерекше атап өтті. Олар таргеттелген жарнаманы белсенді қолданып, тауарды бірнеше күнде жеткізіп береміз деп уәде етеді.
— Әдетте мұндай дүкендер ұзақ уақыт жұмыс істемейді, маусымға қарай атауы мен ассортиментін өзгертіп отырады. Көктемде — гүлдер, жазда — аяқ киім, күзде — техника, қыста — шыршалар, ойыншықтар, шаналар мен тюбингтер болуы мүмкін, — дейді Қостанай облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мағыпаров.

Мысалы, былтыр Қостанай облысында жаңажылдық шыршалар, ойыншықтар, тюбингтер, сондай-ақ қарда жүретін көліктер мен ұялы телефондарды сату кезінде алаяқтық фактілері тіркелген. Ал биылдың өзінде смартфондар мен туристік турларды сатып алуда алдау жағдайлары анықталған.
Сонымен бірге, мерекелер қарсаңында зиянды бағдарламалары бар мерекелік ашықхаттар мен GIF-файлдар арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер жандана бастайды. Полиция күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз нөмірлерден келген файлдар мен суреттерді ашпауға кеңес береді. Себебі мұндай файлдар арқылы қаскөйлер мессенджерді бұзып кіруі мүмкін.
Дәстүрлі алаяқтық әлі бар
Жаңажылдық көңіл күйге қарамастан, қаскөйлер «дәстүрлі» әдістермен алдауды да тоқтатпай отыр. Мысалы — телефон арқылы жасалатын алаяқтық. Қаскөйлер түрлі сылтаумен азаматтарға қоңырау шалып, банк, қосымша немесе маркетплейстен келген SMS-кодты айтуды сұрайды.
Біраз уақыттан кейін екінші қоңырау түседі. Олар кодтың алаяқтарға берілгенін, енді оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып сендіреді және шұғыл әрекет етуді талап етеді: кері несие рәсімдеу, қолдағы қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару немесе ақшаны үшінші тұлғалар арқылы беру. Бұл ретте жәбірленушінің ешкіммен байланыспауын қатаң талап етеді.
— Бұл мереке күндеріне қарамастан, күн сайын тіркеліп отырған негізгі алаяқтық схемалардың бірі, — деп атап өтті полиция өкілі.
Оған қоса, WhatsApp аккаунттарын бұзу деректері де кездеседі. Қылмыскерлер конкурсқа дауыс беру немесе сілтемені ашу туралы өтінішпен хабарлама жібереді.
«Растау» үшін SMS-код енгізуді сұрайды, содан кейін мессенджерге қол жеткізеді. Кейін алаяқтар аккаунт иесінің атынан оның жақындарынан ақша сұрай бастайды немесе әртүрлі ұйымдардың қызметкері ретінде хабарласады.
Алаяқтық артында кімдер тұр
Спикердің айтуынша, алаяқтық схемалардың едәуір бөлігі Қазақстан азаматтарының қатысуымен жасалады. Бұл жерде «дропперлер» деп аталатын тұлғалар туралы сөз болып отыр — олар сыйақы үшін өзінің банк карталарын пайдалануға береді немесе үшінші тұлғаларға арнап мессенджерлерде аккаунттар тіркейді.

— Ұрланған қаражат аударылатын карталардың басым бөлігі өз азаматтарымызға тиесілі. Мұндай алаяқтық схемалар онсыз жұмыс істей алмас еді, — деп атап өтті ол.
16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Ал 2024 жылдың шілде айынан бастап Ұлттық банк күдікті ақша аударымдарын жедел анықтап, жағдай анықталғанға дейін шоттарды бұғаттауға мүмкіндік беретін жүйені іске қосты.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға және өз деректерін күмәнді адамдарға сеніп тапсырмауға шақырады. Тек Жаңа жыл қарсаңында ғана емес, жалпы кез келген уақытта сақталуы тиіс үш әмбебап қауіпсіздік ережесі бар.
— Біріншісі — телефон арқылы берілген нұсқауларды орындамаңыз. Банктер, полиция және басқа да ресми органдар WhatsApp арқылы қоңырау шалмайды және шұғыл әрекет етуді талап етпейді. Екіншісі — тым төмен бағаға алданбаңыз: тауар объективті себептерсіз нарықтық бағадан екі есе арзан болуы мүмкін емес. Үшіншісі — күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және жеке деректеріңізді бермеңіз. SMS-кодтарды да, банк карталарының деректемелерін де үшінші тұлғаларға айтуға болмайды. Осы қарапайым ережелерді сақтасаңыз, интернет-қылмыстың құрбаны болу қаупін едәуір төмендетуге болады, — деп түйіндеді спикер.
Бұған дейін Балалар құқықтарын қорғау комитеті жаңа алаяқтық туралы ескерту жасаған еді.