Жаңа жылдағы тарту: жарқын шоу мен жұлдыздар шеруі
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly/Silk Way телеарнасы Жаңа жылды ауқымды мерекелік марафонмен қарсы алуға дайын. 31 желтоқсан күні таңертең басталатын эфир 1 қаңтар күні таңда «Мерекелік көңіл-күй» бағдарламасымен жалғасады.
Jibek Joly телеарнасының көрермендері сол күні Мемлекет басшысының Жаңа жылдық құттықтауына дайындық жоспарымен таныса алады. Сондай-ақ, Есіл өзенінің жағалауынан тікелей эфирлер мен мерекелік репортаждар жүргізіледі.
Телеарна мерекелік түнде жарқын концерттер, ретрофильмдер, жұлдыздардың құттықтаулары мен қарапайым қазақстандықтардың шынайы оқиғаларын бір арнаға тоғыстырмақ.
Өткен жылдың соңғы күнінің басты оқиғасы – «Жақсы адам 2025» арнайы сыйлығының табыстау рәсімі. Марапат елдің дамуына елеулі үлес қосқан мамандар мен еңбек адамдарын, ерлігімен елге үлгі болған азаматтарды, сондай-ақ жүрегі мейірімге толы, жақсы істері қоғамға үлгі болған жандарды құрметтеу үшін беріледі. Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар мен өнер жұлдыздары қатысады.

Сонымен қатар «Кеш Емес» жобасы аясында түсірілген «Жаңа жыл – жаңа шабыт» мерекелік концерті Жаңа жылдық бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі болады. Сахнада қазақстандық әртістер мен жобаның қатысушылары өнер көрсетіп, тыңдарманға танымал хиттерді, жаңа композициялар мен халық әндерін ұсынады. «Кеш Емес» - кәсіби немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, шығармашылық әлеуетін ашуға ұмтылатын әйелдерді жаппай қолдайтын бірегей жоба.
31 желтоқсанда Нұрлан Қоянбаев жүргізетін «Жаңа түнгі студия» бағдарламасына «Қайрат» футбол клубының ойыншылары, соның ішінде 2025 жылы Чемпиондар Лигасының үздік қақпашысы атанған Темірлан Анарбеков қатысады. Бағдарламаға Apple Music чартында биылғы жылы алдыңғы орынға шыққан әнші Yenlik, танымал видеограф Дастан Мұхамедрахым да келмек. Сондай-ақ хедлайнерлер қатарында Zengir, Рахат Ділмұхамед, Назарбек, Yenlik және ALEM бар.

«Бүгін.live» бағдарламасында еліміздің жетістіктері, қабылданған заңдар, маңызды іс-шаралар мен экономикаға тартылған инвестициялар туралы толық шолу беріледі.
Jibek Joly телеарнасы көрермендерге Silk Way Star халықаралық жобасының Жаңа жылдық гала-концертін ұсынады. Сахнада қазақстандық және шетелдік жас орындаушылар өнер көрсетеді. Қазақстан мен Азияның танымал әртістері қатарында Оңтүстік Кореядан Шин Мин Чоль («F4» дорамасының «Paradise» саундтрекі), Малайзиядан Язмин Азиз, Армениядан Саро Геворгян және Қырғызстаннан Гүлжигит Қалыков бар. Айта кетейік, Silk Way Star – 12 елдің қатысуымен өткен алғашқы азиялық музыкалық мегажоба, ал оның жеңімпазы моңғолиялық Мишель Джозеф атанды.
Жаңа жылға арналған мерекелік бағдарламалар елде кең ауқымда ұсынылмақ. «Qazaqstan» телеарнасының жаңа маусымдағы басты жаңалығы – «Жақсылықпен кел, жаңа жыл!» шоу-концерті. Бағдарламада әндердің шығу тарихы бейнематериалдармен толықтырылып, әртістер жаңа образдарда тамсандырады. Көрерменге жылдың үздік хиттері, әзіл-сықақ нөмірлер мен күтпеген қойылымдар ұсынылады. Шоуды Дархан Рахымжан, Назерке Нұртас пен тағы басқа танымал жүргізушілер жүргізеді.
Ал «Astana TV» арнасы «Жаңа жылға – жаңа арман» музыкалық-комедиялық шоуымен мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Бағдарлама концерт, мини-фильм, реалити-шоу және театрландырылған қойылымдарды біріктіреді. 40 музыкалық нөмір орындалып, ұзақ уақыт сахнадан көрінбеген сүйікті әртістер қайта оралады. Сондай-ақ, қарапайым адамдар алғаш рет сахнаға шығып, жақындарына музыкалық тосын сый жасайды. Абай атындағы Опера және балет театрының хор мен оркестрі де мерекелік атмосфераны толықтырады.
«7 арна» эфирді «Жаңа жылға – жаңа құрметпен» бағдарламасымен көмкермек. Эфирдің негізгі идеясы – еңбек адамдарының және қоғамдағы маңызды мамандықтардың мәнін ашу. Бағдарламада жылдың хиттері, ретроәндер, спорт, мәдениет, қоғамдық бастамалар туралы шабыттандыратын оқиғалар ұсынылады. Танымал тележүргізуші Динара Сәтжан студияда жылдың басты кейіпкерлерін қарсы алып, сан саланың сырын ашпақ.
«Хабар» телеарнасы 45 танымал орындаушы қатысатын ауқымды концерт ұйымдастырады. Бағдарламада танымал әндер мен жаңа композициялар орындалады. Негізгі тақырыптар қатарында Конституция мен «Хабар» агенттігінің мерейтойлары, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, Қазақстанның EXPO-2025 көрмесіне қатысуы және ішкі туризмді дамыту бар. Концертке дейін дәстүрлі «Қызық премия» табысталады, ол медиа кеңістіктегі жылдық қорытындыны әзіл-сықақ форматында ұсынып, биыл ерекшеленген жандарды сахна төріне шығарады.
«МИР» телеарнасының эфирінде Астанадағы үш ауысымдық оқыту мәселесінің шешімі, 2025 жылғы ЭКО процедураларының өсуі және экспорттағы жетістіктер туралы сюжеттер ұсынылады. Мәдени бағдарламада «Щелкунчик» балеті, марафоншылардың қысқы жаттығулары, тау туризмі жайлы репортаждар қарастырылған. Келер жыл Қазақстанда Білім мен ғылыми зерттеулер жылы деп жарияланып, барлық азаматтарға арналған тегін диагностиканың кеңейтілуі хабарланады. Жаңа жыл табалдырыққа енемін дегенше «Дискотека Авария» музыкалық шоуы мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
«Еуразия бірінші арнасы» да сақадай сай. Арна «Қош келдің, 2026! Добро пожаловать, 2026!» бағдарламасымен ерекшеленбек. Шоу 2,5 сағат бұрын басталып, сағат түнгі 12-ге дейін созылады және үш мерекелік локацияны біріктіреді. Танымал әртістер өткен жылдың қорытындысын талдайды. Бағдарлама отбасылық дәстүрдің маңызын ашуға ден қоймақ, сонымен бірге музыкалық нөмірлер мен қойылымдар да шет қалмайды. Қонақтар қатарында халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, танымал шоумендер мен еліміздің халық әртістері бар.