Жаңа жылды пойызда қарсы алады: мереке күндері 1 600 жолсерік кезекшілікке түседі

АСТАНА. KAZINFORM — Мерекеде еліміздің теміржол көлігі демалыс және мереке күндеріне қарамастан 24/7 режимінде жұмыс істейді.

Поезд пойыз жд вагон проводник поезда пойыз жолсерігі
Фото: Әділет Беремкулов/ Kazinform

Сала қызметкерлері жолаушылар мен жүктерді үздіксіз және сенімді тасымалдауды, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Көптеген теміржолшы пойыздар қозғалысы мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, Жаңа жылды жолда қарсы алады.

ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жыл қарсаңында жүк қозғалысының 1 685 машинисі, жолаушылар пойыздарының 357 машинисі мен шаруашылық және маневрлік қозғалыстың 698 машинисі кезекшілікке түседі.

— Теміржол вокзалдарында мереке күндері «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 122 билет кассасы, оның 40-ы 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жұмыс істейтін болады. Жаңа жыл қарсаңында пойыздарға 81 пойыз бригадасы және 1 600 астам жолсерік тартылатын болады, — делінген хабарламада.

Мерекелік түнде пойыз бригадаларымен қатар вокзалдар бойынша кезекшілер, анықтамалық бюро қызметкерлері, тасымалдауды басқару орталықтарының диспетчерлері, жол монтерлері және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі, жүктердің сақталуы және теміржолдағы тәртіптің үйлесімді жұмысына қатысы бар басқа да мамандар қызмет атқаруды жалғастырады.

Бұдан бұрын жолаушылар шағымынан кейін Ақтөбе — Маңғыстау пойызының вагондары жаңартылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар