Жанабыловтарда қылмыстық істен құтылатын бір мүмкіндік болды – агенттік
АСТАНА. KAZINFORM – Блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенова әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағылған айыппен келіссе, қылмыстық жауапкершіліктен құтылуы мүмкін еді. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтып берді.
Оның айтуынша, егер блогерлер өздеріне тағылған әкімшілік құқықбұзушылықты мойындағанда, оларға тек айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылар еді.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте нақты жазылған: егер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылуға қарсы болып, тиісті өтініш білдірсе, онда іс уәкілетті органда емес, сотта қаралады. Мысалы, Justking31 (Нұртаза Нұрбек) өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықпен келісті, хаттама толтырылып, қаулы шығарылды және ол айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды. Айыппұлдар төленді. Ал Жанабылов пен оның жұбайы бұзушылықты мойындаудан бас тартып, өтініш берген. Соның нәтижесінде іс сотқа жолданды, ал сот процесі барысында қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің бар екенін анықтауға негіз болған басқа да фактілер анықталған болуы мүмкін, – деді Жеңіс Елемесов Сенаттағы брифинг барысында.
Айта кетейік, енді блогерлердің лотерея өткізуі қылмыстық санатқа ауыстырылады.
Осы аптада 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Мәжіліс депутаттары да бір үйді ұтысқа салып, 1,5 млрд теңге пайда табатын блогерлер кейсін Қылмыстық кодекс арқылы қарастыруды ұсынып отыр.