Жаңалықтар мен жасанды интеллект болашағы: Мәселе дұрыс тепе-теңдік табуда
АСТАНА. KAZINFORM — II Орталық Азия медиафорумында «Жасанды интеллект пен үлкен деректер дәуіріндегі медианың цифрлық трансформациясы» сессиясында халықаралық медиа саласының танымал сарапшылары ЖИ-дің журналистика мен ақпараттық саясатты реттеуге әсерін талқылады.

CNN телеарнасының креативті директоры Иэн Макдональд қазіргі медиакеңістіктің эволюциясын ұзаққа созылған, сонымен бірге қарқынды үдеп келе жатқан процесс ретінде сипаттады.
— Трансформация — медиада өте ауқымды мағынаға ие. Біз бұл процестен кемінде 20 жылдан бері өтіп келе жатқан сияқтымыз, бірақ өзгеріс қарқыны, әсіресе ЖИ ықпалымен соңғы 4-5 жылда айтарлықтай артты, — деді CNN креативті директоры.

Креативті және технологиялық топтармен жұмыс істейтін И. Макдональд генеративті жасанды интеллекттің, әсіресе жарнама мен контент өндірісіндегі ықпалының артып келе жатқанын атап өтті.
Алайда ол жаңалықтарға қатысты әңгіме қозғалғанда көмекші ЖИ мен генеративті ЖИ-ді нақты ажырату маңызды екенін баса айтты. Ол журналистиканың басты құндылықтарына — адамның қатысуына және сенім мен шынайылыққа нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертті.
Технология мен жауапкершілік туралы пікірталаста медиақұқық саласының маманы доктор Венкат Айер цифрлық платформаларды реттеудің заңдық және этикалық қиындықтары барын айтты.
Доктор Венкат реттеудің қажетті екенін мойындай отырып, негізгі бостандықтардың шектелмеуі керектігін ескертті.
— Егер шамадан тыс реттеу жасалса, маңызды негізгі мүдделерге, әсіресе, сөз бостандығына зиян келуі мүмкін — деді ол.

Медиа құқығы бойынша сарапшы асығыс заңнамалардан сақ болу қажеттігін ескертті және теңгерімді тәсіл ұстанудың маңыздылығын атап өтті.
— Мәселе — дұрыс тепе-теңдік табуда, алайда бұл әрдайым жүзеге аса бермейді. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін — саяси, идеологиялық, кейде экономикалық. Ал қазір технология да үлкен сынға айналып отыр, — деді доктор Венкат.
Доктор Айер халықаралық реттеудің тиімділігі шектеулі екенін де атап өтті, себебі егемендік қағидатына байланысты негізгі реттеуші билік ұлттық деңгейде қалып отыр. Ол халықаралық құқықтың ішкі саясатты айқындауына келісе қоятын елдердің аз екенін айтты. Дегенмен, спикер халықаралық диалог пен ынтымақтастықтың әлі де мүмкін екенін, бірақ тек ерікті негізде ғана жүзеге асатынын баса айтты.
Айта кетейік, 16-17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанадағы форумда бас қосты. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысты.
Орталық Азия елдерінің өңірдегі ақпараттық ынтымақтастығын нығайту үшін ортақ телеарна құру бастамасы көтерілді.