Жаңажол газ кешеніндегі өрттен қайтыс болған жұмысшылардың отбасына 5 млн теңгеден көмек беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысындағы газ кешенінде өрттен қайтыс болған жұмысшылардың отбасына 5 млн теңгеден көмек беріледі. Бұл туралы аймақ басшысы Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Тексеру жұмыстарының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Бірақ мен барған бетте комиссия құрғыздым. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан мемлекеттік инспекция да жұмыс істеп жатыр. Сол жерде бірден қылмыстық іс қозғалды.

Өздеріңіз білесіздер, төрт азаматты бірден Ақтөбеге алып келдік. Кейін үшеуін Астанаға жібердік. Өйткені жағдайлары күрделі болды. Екі азаматымыз қайтыс болды. Олар ауылға жеткізілді, біреуі Ембіден, екіншісі Мұғалжардан. Екеуі де жерленді. Ашығын айтқанда қиын жағдай. Бүгін тағы елдің алдында отбасыларына қайғырып көңіл айтамын», - деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, ол осы өрттен қайтыс болған азаматтардың отбасына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

«Бұл жайт қазір ерекше қадағалауымызда. Мен барған бетте әрбір семьяға 1 млн теңгеден бөлгіздім. Ал қайтыс болған азаматтардың отбасына 5 млн теңгеден бөлінеді. Сонымен қатар кәмелет жасына толмаған, 18 жастағы балалар болса, жоғары оқуда болатын балаларға да мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы қарастырылған. Оның бәрі заң бойынша бөлінеді. Мәселе менің ерекше қадағалауымда», - деді әкім.

Еске салсақ, өңірдегі Жаңажол газ кешенінде өрттен төрт адам ауруханаға түсіп, екеуі қайтыс болған еді. https://kaz.inform.kz/news/zhanazhol-munay-gaz-kesheninde-kuyik-shalgan-zhumysshy-auruhanada-koz-zhumdy-aktobe-oblysy_a4066915


Соңғы жаңалықтар