Жәнібек Әлімханұлы: басты мақсат төрт белдікті біріктіру

АСТАНА. KAZINFORM — Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымы бойынша чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Kazinform тілшісіне алдағы жоспары туралы айтып берді.

Жәнібек Әлімханұлы: басты мақсат төрт белдікті біріктіру
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Боксшы алдағы жекпе-жекгінде екі бірдей чемпиондық белдігін қорғайтынын айтты. 

— Иә, барлық жағын қарастырып, ойластырып жатырмыз. Бұйыртса, біз алдағы айқасымызда WBO және IBF белдіктерін қорғаймыз. Осыған дейін, WBO тұжырымы бойынша міндетті қарсылас ретінде Хамза Шираз белгіленген болатын. Шатаспасам, одан кейін 4 қарсыласпен келіссөз жүріп, барлығы шаршы алаңға шығудан бас тартты. Қортындысында, осы қарсыласым жұдырықтасуға келісім берді, — деді Жәнібек.

Сонымен қатар, қазақстандық боксшы алдағы уақытта орта салмақтағы барлық чемпиондық титулды біріктіру басты мақсат екенін айтты. 

— Қазіргі уақытта қолымызда екі чемпиондық титул бар. Промоутерлік компания (TopRank) WBC және WBA белдіктерін біріктіру мақсатында жұмыстар атқарып жатыр, — дейді әлем чемпионы.

Бүгін Астанадағы «Барыс Аренада» Жәнібек Әлімханұлының 5 сәуірге жоспарланған кезекті жекпе-жегіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Бұған дейін хабарланғандай,  ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жәнібек Әлімханұлының кезекті жекпе-жегі Қазақстанда ұйымдастырылатынын айтқан болатын. 

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының 5 сәуір Астана қаласында жұдырықтасатын қарсыласы франциялық боксшы — Анауэль Нгамиссенгу. Ол осыған дейін 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 9-ын мерзімінен бұрын жеңген.

Соңғы жаңалықтар