Жанкүйерлер Бельгия мен Қазақстан кездесуіне жиналып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Брюссель қаласында 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде Бельгия және Қазақстан құрамалары шеберлік байқасады.

Дәл қазір стадион аумағына бельгиялық жанкүйерлер жиналып жатыр. Оған қоса ел құрамасын қолдауға келген отандастарымыз да бар.
Екі құрама арасындағы ойын «Констант Ванден Сток» (французша Stade Constant Vanden Stock; голландша Constant Vanden Stockstadion), оған қоса «Лотто Парк» атауымен көпшілікке белгілі стадионда өтеді. Ғимарат Брюссель қаласы аумағындағы Андерлехт муниципалитетінде орналасқан.

Стадион «Андерлехт» футбол клубының өз алаңындағы ойындарын қабылдайды. Онда 1972 жылы Еуропа чемпионатының жартылай финалындағы Венгрия Және Кеңес Одағы құрамалары шеберлік байқасты. Сондай-ақ аталған стадионда Бельгия ұлттық құрамасының бірнеше ойындары өткізілді.
Қазіргі уақытта стадионның сыйымдылығы 21 500 адамға арналған. Бұрын ол 40 000 адамды қабылдайтын алатын. Қауіпсіздік шараларына байланысты жанкүйерлерге арналған орындықтар саны қысқартылды.
Кездесу Қазақстан уақытымен 23:35-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Бас төреші міндеті румыниялық Раду Петрескуге жүктелген. Оған отандастары Раду Гингуляк пен Мирча Григориу көмектеседі. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі Андрей Кивулете.
Екі құрама қазірге дейін алты мәрте кездесті. Оның екеуінде тең нәтиже тіркелсе, қалғанында қазақстандық футболшылар қарсыласына есе жіберді.
Құрамалар J тобында сынға түсіп жатыр. Қазірге дейін 4 ойыннан кейін Уэльс құрамасы 10 ұпаймен бірінші орында тұрса, одан кейінгі орындардағы Солтүстік Македонияның 8, Бельгияның 7, Қазақстанның 3 ұпайы бар. Әзірге Лихтенштейннің қоржыны бос.
Қазірге дейін отандастарымыз іріктеу кезеңінде Лихтенштейнді (2:0) жеңсе, одан кейін екі мәрте Уэльске (1:3, 0:1) және Солтүстік Македонияға (0:1) есе жіберді.
Ал Бельгия құрамасы Солтүстік Македониямен (1:1) тең түсіп, одан кейін Уэльс (4:3) және Лихтенштейнді (6:0) жеңді.