Жапония футбол федерациясының құрметті президенті FIFA басшысы болуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония футбол федерациясының құрметті президенті Кодзо Тасима наурыз айында өтетін сайлауда FIFA президенттігіне үміткер болуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kyodo News.

Жапония футбол федерациясының құрметті президенті ФИФА басшысы болуға ниетті
Фото: Kyodo News

– Бұл жеңіс немесе жеңіліс туралы емес. Ең бастысы – Жапония футболының жылдар бойы қалыптастырған адалдығы мен әділдік қағидаттарын әлемге таныту, – деді ол Токиода өткен қауымдастық басқармасының отырысынан кейін.

Бұрын Жапония футбол қауымдастығын басқарған 68 жастағы Тасима ұйымның өзін толық қолдайтынын атап өтті. Ол бұған дейін FIFA кеңесінің мүшесі болған.

Тасиманың президенттікке үміткер болу ниеті қазіргі басшы Джанни Инфантиноға сын күшейген тұста белгілі болды. АҚШ президенті Дональд Трамппен жақын байланысымен танымал Инфантино биылғы әлем чемпионатында америкалық футболшыға қатысты шеттету жазасын қолданбау туралы шешімі үшін сынға ұшырады.

Сондай-ақ ол әлем чемпионатын ұйымдастыру жұмысын бақылайтын жеке құрылым құруды ұсынғаны үшін қарсылыққа тап болды. UEFA бастаған бірқатар ұйымның наразылығынан кейін бұл жоспарынан бас тартты.

Еске сала кетсек, алты елдің футбол қауымдастығы FIFA басшысы Инфантиноға қарсы шыққан еді.

Дегенмен FIFA президенті Джанни Инфантино қайта сайлауға түсетінін мәлімдеді.

Ал Еуропаның төрт ірі футбол лигасы FIFA-ны реформалауды талап етті.