Жапонияда елді мекенге кіріп кеткен аю дәрімен өлтірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның солтүстік-шығысындағы Мияги префектурасында тұрғын ауданға кіріп кеткен ұзындығы шамамен 1,5 метрлік аю бірнеше сағат бойы жасырынып жүріп, кейін арнайы дәрінің әсерінен өліп қалды, деп хабарлайды КyodoNews агенттігі.
Сендай қаласының билігі тұрғындардан түскен бірнеше хабарламадан кейін таңғы сағат 9 шамасында дрон арқылы аюдың бар екенін растады. Жергілікті билік оны тұзақпен ұстауға тырысқанымен, еш нәтиже бермеген.
Қала әкімдігі аюларға қарсы атыс қаруын қолдануға мүмкіндік беретін «шұғыл ату» шарасынан бас тартып, жануарды алдымен тыныштандыратын дәрімен (транквилизатор) қозғалыссыз қалдырған. Кейін кешкі сағат 19:30 шамасында аюдың жойылғаны хабарланды.

Оқиға болған жер Сендай қаласының Аоба ауданында, әкімдік ғимаратынан шамамен 600 метр солтүстікке қарай, сауда орталықтарына жақын орналасқан. Полиция аумақты қоршауға алып, арнайы күзет қойып, күн батқанда жақын маңдағы жолдарды жапқан.
22 жастағы студент Рёто Уэхара таңғы сағат 6 шамасында патруль көлігінің сақтыққа шақырған дауысынан оянғанын айтып, «мұндай жағдайдың қаланың дәл ортасында болғанына сену қиын» екенін жеткізді.
Жұма күнінен бері осы ауданда аю көрінді деген бірнеше хабарлама түскен, болжам бойынша, бұл сол жануар болуы мүмкін.
Жапонияда соңғы уақытта аюлардың елді мекендерге шығу және адамдарға шабуыл жасау жағдайлары жиілеген. Қоршаған орта министрлігінің мәліметінше, ақпан айын қоса есептегенде соңғы 11 айда ел бойынша аю байқалған шамамен 50 мың жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 қаржы жылындағы жылдық деңгейден екі еседен аса жоғары.
Еске сала кетсек, былтыр қарашада Жапонияның таулы аймағында аю талаған әйел қаза тапқанын жаздық. Екі күннен кейін ел әскері сол маңдағы аюлармен күресуге көмекке келді.
Ал жуырда Катонқарағайдағы аюлар қысқы ұйқыдан тұрды.