Жапонияда парламенттің жоғарғы палатасының сайлауы өтті
АСТАНА. KAZINFORM – 20 шілде, жексенбі күні Жапонияда парламенттің жоғарғы палатасы – Кеңесшілер палатасына (Сангиин) сайлау өтті, деп хабарлайды Анадолы.
Дауыс беру қорытындысы бойынша премьер-министр Сигэру Исибаның үкіметі ауысуы мүмкін деген болжам бар.
Кеңесшілер палатасы 248 мүшеден тұрады. Дауыс санау нәтижесінде олардың 125 орны қайта бөлінеді.
Премьер-министр Исиба Сигэру басқаратын Либерал-демократиялық партия (ЛДП) коалициясы парламенттегі көпшілікті сақтап қалу үшін кем дегенде 50 мандат алуы қажет.
Айта кетейік, Kazinform ақпарат агенттігінің халықаралық шолушысының пайымдауынша, биліктегі коалиция тізгіннен айырылуы мүмкін. Бұл науқанда депутаттардың жартысы қайта сайланады.
Көп жағдайда мұндай сайлаулар әдеттегі саяси үдерістің бір бөлігі саналады, себебі елдің билік құрылымына сәйкес, негізгі жауапкершілік төменгі палатаға жүктелген. Алайда биылғы сайлаудың басты интригасы – 2024 жылдың қазан айында өткен парламент сайлауынан кейін биліктегі коалиция – Либерал-демократиялық партия (ЛДП) мен «Комэйто» партиясы төменгі палатада көпшілік орынға ие бола алмай қалған.
Қазір ЛДП-да 191 мандат, «Комэйто» партиясында – 24 мандат бар. Ал төменгі палатада жалпы 465 орын бар. Осылайша, коалицияның ықпалы айтарлықтай әлсіреген.
Қазіргі таңда ЛДП мен «Комэйто» коалициясы жоғарғы палатаны бақылауда ұстап отыр. Алайда NHK телерадиокорпорациясының 14 шілдедегі болжамына сүйенсек, бұл сайлауда коалиция көпшілікті сақтап қала алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда үкіметтің заң шығару қызметі іс жүзінде тоқтап қалуы ықтимал.
Алайда Жапониядағы оппозиция әртүрлі идеологияны ұстанатын бірнеше партиядан құралған. Сондықтан олардың мықты әрі тұрақты билік коалициясын құруы қиынға соғады. Мысалы, төменгі палатадағы оппозициялық партиялардың ішіндегі ең ірі фракция – Конституциялық-демократиялық партияға тиесілі, оның құрамында 148 депутат бар. Сонымен қатар ықпалды Демократиялық партия (28 орын), Инновациялар партиясы (38 орын), солшыл популистік бағыттағы «Рэйва Синсэнгуми» (9 орын), коммунистер (8 орын) және басқа да шағын партиялар бар.
Бұған дейін Жапония 2011 жылдан бері алғашқы атом электр станциясын салуға дайындалып жатқанын жаздық.