Жапонияда ұшақ шұғыл қонуға мәжбүр болды, бес адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM — Рейс барысында ұшақ бортының жүк бөлігінде өрт шығуы мүмкін екенін ескерткен дабыл жүйесі іске қосылған, деп жазды ТАСС агенттігі.
United Airlines әуе компаниясының ұшағы Токио маңындағы Нарита әуежайынан Филиппинге бағыт алған. Алайда Жапонияның Кансай әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. NHK телеарнасының мәліметінше, оқиға салдарынан бес адам жеңіл жарақат алған.
Ұшақ шамамен 10 000 метр биіктікте, Вакаяма префектурасының жағалауынан 200 шақырым қашықтықта ұшып келе жатқан кезде, жүк бөлігінде өрт шығуы мүмкін деген дабыл іске қосылған. Экипаж Кансай әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдаған.
Қонғаннан кейін жолаушылар үрлемелі сырғанақтар арқылы эвакуацияланған. Нәтижесінде бес адам жеңіл жарақат алған. Өртті сөндіру қажет болмаған. Ұшу-қону жолағы бірнеше сағатқа жабылған, бірақ кейін әуежай қалыпты жұмысын қайта жалғастырған.
Еске сала кетейік, Токиода толассыз жауған жаңбыр көлік қатынасын үзгенін жазған едік.