Жапониядағы ластанған «Фукусима» реакторына роботтар жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM — Tepco компаниясы «Фукусима» атом электр станциясының реакторларынан радиоактивті қалдықтарды шығаруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды DW.

Spot және Packbot екі роботы адамдар үшін әлі де қауіпті жерлерге енуі керек. Роботтардың міндеті — реакторлардағы радиация деңгейін өлшеп, барлығын бейнеге түсіру.
Жапондық БАҚ хабарлауынша, суреттерді талдауға бір айға жуық уақыт қажет. Терсо осы қорытындыларға сүйене отырып ядролық отын қалдықтарын толығымен шығару жолын шешеді. Компания бұған дейін мұндай машиналарды станцияның ішін зерттеу үшін пайдаланған.
Реактордан қалдықтарды, соның ішінде балқытылған отын сырықтарын шығару 2011 жылғы ядролық апаттан кейін зауытты пайдаланудан шығарудың ұзақ мерзімді процесінің ең қиын кезеңі саналады. Дайындыққа тағы 12-15 жыл қажет. АЭС ішінде 880 тоннаға жуық аса қауіпті материал қалды, деп жазды Spiegel.
Елдің ең ірі энергия жеткізушісі мен Жапония үкіметі АЭС-ті 2051 жылға қарай толық бөлшектеу жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр. Бірақ Tepco ұзақ дайындық жұмыстары салдарынан бұған қол жеткізу қиынға соғатынын мәлімдеді.
2011 жылы «Фукусима» АЭС биіктігі 15 метрге жуық цунамиден зардап шекті. Салқындату жүйесі істен шығып, алты реактордың үшеуінің белсенді аймағы балқыды. Бұл 1986 жылы Чернобыль апатынан кейінгі ең ауыр ядролық апат болды.
2024 жылы «Фукусима-1» атом электр станциясының екінші энергоблогында радиоактивті материалдармен ластанған 25 тонна су ағып кетті.