Жапониядағы жер сілкінісінен кем дегенде 30 адам қаза тапты

япония
Фото: GETTY IMAGES

Жапониядағы бірнеше жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 30-ға жетті. Kazinform бұл туралы Kyodо агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өз кезегінде ВВС толығырақ ақпарат беріп, жапон билігі шығын мен құрбандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екені туралы ескертетінін жазды. Қайғылы оқиғаның ауқымы зардап шеккен аймақтарға құтқарушылар жеткенде бағаланады.

Дүйсенбі күні Жапонияның орталық бөлігінде Исикава префектурасындағы Ното түбегінде 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Көптеген ғимараттар қирап, он мыңнан аса адам жарықсыз қалды.

Жапон үкіметінің мәліметінше, 97 мыңнан астам адам эвакуацияланып, түнді шұғыл эвакуация орталықтары ретінде пайдаланылатын спорт залдары мен мектептерде өткізді.

Жапония премьер-министрі Фумио Кишида жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға баратын негізгі жолдар қатты зақымданғанын, бұл әскерилердің құтқару жұмыстарына кедергі келтіргенін айтты.

«Құтқару күштері апаттан зардап шеккен аймақтарға жету үшін көптеген қиындықтарға тап болуда, өйткені жолдар бүлінген, бірақ ғимараттарда қалып қойған адамдарды ғимараттар құламай тұрып, мүмкіндігінше тезірек құтқару керек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар