Жапония бұрынғы премьер-министрінің резиденциясы өртеніп кетті
Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Какуэй Танаканың Токио орталығындағы резиденциясы толығымен өртеніп кетті. Kazinform бұл туралы NHK телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
8 қаңтар күні түстен кейін Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Какуэй Танаканың резиденциясында өрт шықты. Телеарнаның хабарлауынша, Какуэйдің қызы Танака Макико резиденцияда хош иісті таяқтарды тұтатқан, артынша ғимарат жалынға оранды.
Өртті сөндіруге 20-дан астам өрт сөндіру машинасы мен басқа да техника жұмылдырылғанымен, өрт екі сағаттан соң ғана толық сөндірілді. Осы уақыт ішінде екі қабатты ғимарат толығымен өртеніп, сол аумақта орналасқан бір қабатты ғимарат та отқа оранды.
Оқиға кезінде ғимаратта Танаканың қызы, бұрынғы Сыртқы істер министрі Макико мен оның фамилиясын алған күйеуі, Жапонияның бұрынғы қорғаныс министрі Наоки Танака болған. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Саясаткердің резиденциясын «Медзиро сарайы» деп те атайтын.