Жапонияның солтүстігінде қалың қар жауды
АСТАНА.KAZINFORM - Жапонияның Хоккайдо аралы аймақтық билігінің мәліметінше, аралдың шығыс аймақтарында 12 сағат ішінде 1,29 метрге дейін қар жауған, деп жазады BILD.
Қалың қар салдарынан қоғамдық көліктер тоқтап, жолдар жабылып қалды. Тұрғындарға аса қажет болмаса үйлерінен шықпауға кеңес берілді.
Әсіресе қар басып қалған Обихиро қаласында жағдай қиын болды. Аралдағы 370 мектеп жабылып, барлық қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Адамдарды жол жүруден бас тартуға, ал далаға шығуға мәжбүр болған жағдайда өздерімен бірге азық-түлік пен жылы киім алып шығуға кеңес берілді.

Метеорологтар қарлы бораннан қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертеді. Жолдардағы жағдай да күрделі – көліктер қар құрсауында қалып, көшелерді тазалау үшін ауыр техникалар жұмылдырылды.

Бұған дейін Жапонияда мега жер сілкінісінің болу ықтималдығы 80%-ға дейін өскені хабарланған болатын.
Айта кетейік, 13 қаңтарда Жапонияның оңтүстік-батысында 6,4 балдық жер сілкінісі болды.