Жаппай төбелес кезінде танысын абайсызда өлтіріп алған ақтөбелікке сот үкімі шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – №2 Ақтөбе қалалық сотында жаппай төбелес кезінде танысына пышақ сұғып алған 20 жастағы жігіт сотталды. Ол 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. 

сот
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Оқиға биыл Ақтөбе қаласы Қызылжар тұрғын алабында болды. Іс материалына сүйенсек, жаппай төбелес кезінде сотталушы жараланып, қорғанбаққа жанында жатқан пышақты алған. Сол кезде өз танысына сұғып алды. Қылмыстық іс «Абайсызда қазаға ұшырату» бабымен қаралып, үкім шықты. 

– Сотталушы 2024 жылдың қаңтар айының басында өзінің таныстарымен бірге топ болып басқа елдімекеннің балаларымен сөйлесуге барып, арты төбелеске ұласқан. Төбелес барысында сотталушы жараланып, жерде жатқан пышақты алады. Қорғану мақсатында сермеген кезде өзімен бірге барған танысына сұғып алды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініп, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Соттың үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің «Абайсызда қазаға ұшырату» бабымен кәнілі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің пайдасына 6 млн теңге моральдық зиян және 800 мың теңге шығын өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, биыл қыста Ақтөбеде әлеуметтік желідегі жазбадан соң екі жігіт сөзге келіп, олар достары мен таныстарын ертіп, кездесуге барды. Сол жерде жаппай төбелес болып, екі адам көз жұмды. 

Бұл төбелестен соң іс екіге бөлініп, бір қылмыстық іс бойынша қазір 6 сотталушы сот алдында жауап беріп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар