Жаппай вакцинация басталғанда емханаға алдымен зейнеткерлер келді - иммунолог
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Иммунолог дәрігер Ляйля Нұржанова қазіргі кезде вакцина салдыруға ниеттілер саны артқанын айтты. Ал жаппай вакцинация басталған кезде алдымен зейнеткерлер иммундауға қатысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
№2 Ақтөбе қалалық емханасы бойынша 11 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін қабылдады. Ал 5 мыңға жуығы екі дозасын да салдырды. Иммунолог дәрігер Ляйля Нұржанова қазіргі жұмысы мен адамдарға түсіндіру шарасының маңызы туралы айтып берді.
«Жалпы, дәрігер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ақпан айынан бастап вакцина салдырды. Ақтөбеге жеткізілген төрт түрлі вакцина да емханаға берілді. Қазіргі кезде тек Спутник V вакцинасын беріп жатырмыз. Адам көп. Күніне шамамен 250-300 адам келеді. Жұмыс 9:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Сенбі, жексенбі күндері де жұмыс тоқтамайды. Шын мәнінде кешкілік жұмыстан шығып келетіндер бар. Әрі көп ұжымға иммундау жұмысына қатысу міндеттелді»,- деді №2 Ақтөбе қалалық емханасының иммунолог дәрігері Ляйля Нұржанова.
Талап бойынша екпе салдырмас бұрын дәрігерлер тексереді. Жүкті әйел, онкологиялық ауруға шалдыққандар мен химиятерапия алып жүргендер вакцина салдырмайды.
«Созылмалы дертке шалдыққандар қазір өзін жақсы сезінсе, вакцина салдыра береді. Туа бітті сал ауруымен ауыратындар, инсульт алғандар да иммундау жұмысына қатыса алады. Сөйтіп әр адамның денсаулығына, жағдайына жеке қарап, шешім шығарамыз. Адамдар үшін емханада барлық жағдай жасалған. Бірінші және екінші компонентті екі бөлек кабинетте қабылдайды. Үш күн бойы дәрігерлерімен байланысып, өз жағдайын айтып тұрады. Орны сыздап, басы ауырғандар болды. Олар тек 2-3 күн өзін жайсыз сезінді. Өзімде де вакцина салдырған орын ауырды. Ауырып, ауруханаға түскендері кездеспеді. Жасы 80-нен асқан адамдар да келіп, алғысын айтып кетіп жатыр. Шынымды айтсам, алғаш күннен бері зейнеткерлер белсенді. Содан кейін мектеп, колледж мұғалімдері, оқытушылары келді. Адамның кеп келуі бізді қуантады»,- деді Ляйля Нұржанова. Дегенмен әр келушіге зейін салып, олардың жүрек соғысын, тыныс алуын тыңдау, қызуын өлшеу де біраз уақытты талап етеді.
«Мен вакцина салдырмаймын» деген адамның мамандармен кездесуіне жағдай жасалды. Иммунолог, эпидемиологтар жан-жақты дәлелді сөз айтқан соң бірден оның пікірі өзгерді. Бәрі бұған дейін әлеуметтік желіден ғана ақпарат алған. Сөйтіп теріс пікір қалыптастырды. Ал мамандар дұрыс жолын айтты«,- деді Ляйля Нұржанова.