Жарығы мен суы жоқ: 8 жыл бұрын жер алып, үй салған ақтөбеліктер кімнен көмек сұрайтынын білмейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 2017 жылдан бері Ақтөбе қаласында 27 мыңға жуық адамға 10 соттықтан жер берілді. Қалада 54 тұрғын алабы болса, жаңадан бой түзеген елдімекендерде су, жарық, газбен қоса жол, әлеуметтік нысандар жоқ.

көкжиде
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қыс бойы қар суын пайдаланамыз — тұрғын

Тәттігүл Нысанбаева 2006 жылы жер кезегіне тұрды. Арада 10 жылдан астам уақыт өткенде кезегі келіп, Бауырластар-5, қазіргі Көкжиде тұрғын алабынан 10 сотық жер алды. Арада тағы 10 жылға жуық уақыт өткенімен сусыз, жолсыз, мектепсіз мекені жанын қинап тұр.

Ол ауылдастарымен бірге әкімдердің тұрғындармен кездесуінен қалмайды, тіпті әкімді әкімдікке іздеп барып, табалдырығын тоздырды. Сонда да үш үлкен, су, жол, мектеп мәселесі шешілер емес. 

ауыл
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— 2017 жылы тамыз айында жер алдым. Қыркүйек-қазан айларында үйдің іргетасын құйып, қабырғасы қаланды. Ол кезде өзіміз пәтер жалдап жүрген едік. Салынғанымен жарық, газ, су болмай, көше алмадық. Ал 2023 жылы не болса да көшейік деп шешім қабылдадық. Мамырда келгенімізбен, жарықты тамызда қосты. Ал қазан айында газ берілді. Биыл екінші қыстап жатырмыз. Бізге енді су керек. Бүгінге дейін тасымалдауға тура келді. Көлігіміз жоқ, сол көлігі бар адамдарға жалынып жүреміз, туыстарымызға айтамыз. Суды қаладағы су колонкасынан, кейде туыстарымыздан тасып жүрдік. Қарды да пайдаланамыз. Ерітіп кір жуамыз, жуынамыз. Ал құдық қазуға қауқарым жетпейді. Оған миллион теңге керек болады. Құдық қазған адамдардың бірінен ащы, бірінен тұщы су шығып жатыр, — деді Көкжиде ауылының тұрғыны Тәттігүл Нысанбаева. 

Таяуда ғана қалалық әкімдік су тасымалдауға көшкен. Көлік аптасына үш рет барады. Алайда оның да өз қиындығы бар. Көлік барлық үйге жете алмайды, жеткенімен, үлкен сыйымдылықты су жинау бөшкесін толтыра алмайды.

Суды 15 мың теңгеге сатып алып, бір апта пайдаланамын — Көкжиде тұрғыны

Көкжиде тұрғын алабының тұрғыны Эльмира Кайрова болса аптасына 15 мың теңге төлеп, үйіндегі бөшкелерге су толтырып алады. Әкімдік ұйымдастырған су жеткізу көлігінің үйдегі қондырғыны толтыруға күші жетпей, қызмет кәдеге аспай қалып тұр. 

ауыл
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Үйіме екі бөшке әкеліп, қондырып қойдым. Өйткені бізге құбыр жүргізбеді. Ал су таситын көліктің қуаты әлсіз. Бұрын жеке тасымалдау компаниясы әкеліп құйды. Олар өте тиімді еді. Қазір «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның көлігі өте әлсіз болып тұр. Көліктің насосы жоқ, сондықтан бөшкелерге құю мүмкін емес. Сондықтан 15 мың теңгеге су сатып алып отырмын. Бұл су маған бір апта, әрі кетсе 10 күнге жетеді. Оны үнемдеймін, тек тамаққа, жеңіл-желпі жуынуға пайдаланамын, — деді Эльмира Кайрова. 

Оның айтуынша, өзге қажеттіліктің бәріне ащы су пайдаланады. Ал ауладан құдық қазу біріншіден қымбат, екіншіден тиімсіз. Себебі көшілері құдық қазып, кейін суы ащы болып кеткен. 

— Бір бөшкені 80 мың, екіншісін 150 мың теңгеге сатып алып, адамдардан көріп, осылай жасап қойдық. Мұны кез келген адам алып, қондыра алмайды. Бәрі қымбат тұрады. Мұнда көшіп келгеніме екі жыл болды. Құрылыс кезінде суды таксимен тасып жүрдік. Қазір қала тұрғындары су таңдайды, фильтр қондырады. Ал біз қала халқының ішпей жатқан суына зар болып отырмыз, — деді Эльмира Кайрова.

су жоқ
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

2017 жылы 2070 адамға жер берілді, әлі күнге бір де бір мектеп пен жол жоқ

Бауырластар-5, яғни, Көкжиде ауылының тұрғындары кіреберістегі ауыл жобасына қарай-қарай көңілі қалған. Тақтада бәрі тамаша, бірақ шын мәнінде мұнда бір де бір әлеуметтік нысан салынбады, суы жоқ, жол салынбады, қоғамдық көлік те ауыл ішіне кірмейді. Ал газ тарату құрылғысы бар, оның қуаты адамдар сұранысына сай емес. 

— Спорт кешені, екі мектеп бар сызбада. Қазір ешқайсысы жоқ, құр жер. Жоба туралы 2020 жылдан бері білеміз. Мұнда 2022 жылы әкеліп орнатты. 2019 жылы жер берді, өзім 2 жыл көмір жағып отырдым. Бір қыста 12 тоннасын қолданатын едім. Әр тоннасы ол кезде 18 мың теңге болды. Бұл жер қала іргесінде, қаладан 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінге дейін көмір жағу деген сұмдық қой! Айқай-шумен газ берді. Ол да дұрыс емес. Газ қысымы жақсы, бірақ оны өткізетін ГРПШ-6 (газ қысымын реттеу құрылғысы — ред.) қате шешім. Бұл бұзылса жөнделмейді, үй жылытатын аппаратқа толық қуаттылықты қолдансақ, тамақ пісіру қиындайды. Шағын үйге арналған, ал үлкен үйлер мен коттедждер, ондағы жылы еденге жарамсыз. Жобалау жұмыстарынан қате кетіп, біз зардап шегіп отырмыз, — деді ауыл тұрғыны Әлімхан Пазылбеков.

а
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Оның айтуынша, әкімдік пен демеуші ауылға 4 құдық қазған. Оның екеуінде су ащы, бірі лайланып кетті. Біреу ғана жарамды. Мұнда су өте тереңнен шығады. 

Ең азы 60 метр болса, 100 метрден асып кеткендері де бар. Бұл қызметті ұсынатындар әр метріне 12 мың теңгеден алады. 

— Құдық суы — техникалық су. Іш құрылысы ауруына душар етуі мүмкін. Бір жыл бойы су тасымалдап беруді сұрадық. Былтыр желтоқсанда басталып, биыл бұл қызметті «Aqtobe su-energy group» АҚ-на тапсырды. Су таситын көлік сәл жерде батып қалады, батса шыға алмайды. Ол қаладағы гүл суару қызметіне арналған, тек асфальтта жүре алады, — дейді Әлімхан Пазылбеков.

Ауыл белсендісі алғашында су таситын көлікпен ере жүрген. Әр үйді көрсетіп, жәрдем берді. Дегенмен су алатын 40 үйдің 15-іне ғана су құюға мүмкіндік болды. Су мәселесі көтерілгелі бері Ақтөбе қаласы Астана ауданында үш әкім ауысып кеткен. 

— Су қалаға жетпейді деп айтады. Жетпесе неге қабат-қабат үй салып жатыр? Оларға жетеді, ал бізге жетпейді. Неге? Құдықтан алған су протермнің (газ құрылғысы — ред.) сүзгісін құртады, кір жуу машинасын тұз басады. Су жылытатын аппаратымыз да іске аспай қалады, — деді ол.

Қоғамдық көлік ауылға кірмей, жедел жәрдем жете алмайды

Көкжиде ауылына № 6 және № 43 бағыттағы автобустар қатынайды. Екі автобус та жолаушыларды Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолына тастап кетеді. 

— Ауыл ішіне автобус кірмейді. Автобустар трассадан қайтады. Үлкен кісілерге тек такси шақырамыз. Ал жол қардан тазартылмаса, ауылға кірмейді. Жедел жәрдем көлігі келгенде де қиын. Былтыр жүкті әйел үйінен жаяу шықты, баласы шетінеп кетті, — деді Эльмира Кайрова.

Көкжиде ауылының ұзындығы 3 шақырым болады. Мұнда шет жақта да үй салынып, адамдар тұрып жатыр. Тәттігүл Нысанбаеваның айтуынша, 2020 жылдан бері жиналыстан қалмайды, әкімдікке де барған.

Қазір мектеп салуды сұрап, ауыл тұрғындарының үнін жеткізіп жүр. Тізімге 288 адам қол қойған. Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда 31 оқушы тұрады. Олар № 66 орта мектепке автобус арқылы тасымалданады.

ауыл
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Инфрақұрылым болмаса, жер берілмеуі керек — депутат

Қалалық мәслихат депутаты Жаңалық Ахаштың айтуынша, тек 10 жылға жуық уақыт бұрын берілген тұрғын алаптардың емес, құрылысы 30-40 жыл бұрын бұрын жүргізілген елдімекен мәселесі әлі толық шешімін таппады. 

— Өзім қала іргесіндегі елдімекеннен сайлауға түсіп, депутат болдым. Мұнда да шешімін күткен мәселе көп. 10 жыл бер жағы, олар 30-40 жылдан бері жол күтіп отыр. Сондықтан инфрақұрылым болмаса, жер беру дұрыс емес. Бұл жер телімдері облыста Бердібек Сапарбаев әкім болған кезде таратылды. Содан бері жиі қозғалатын проблемаға айналды. Тіпті Парасат тұрғын алабында су түгелі газ да жоқ. Олар қала іргесінде отырып от жағады, — дейді Жаңалық Ахаш.

ауыл
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сөйтіп Ақтөбе қаласындағы тұрғын алаптарында көп жер әлі бос тұр. Әкімдік «тұрғындар көшіп баруы тиіс» деп уәж айтса, жер алып, үй салуға ниетті адамдар инфрақұрылым сұрайды. Екі талап бір-біріне жанаспай, жылдар өтіп жатыр. 

— Жағдай жасалса, адамдар келіп тұрады. Қазір еш жағдай жоқ, адам тұрғысы келмейді. Біздерге «бала саны аз» дейді. Мұнда келіп үй салды, қайда оқытады? Биыл мектеп автобусын жіберді, оған дейін үлкен тасжолға шығарып жүрді. Қазірден бастап мектепті сала берсе дейміз. Сөйтіп 4-5 жылда бітірер, — дейді ауыл тұрғыны Өмірбек Ждуанов.

ауыл
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Жарық, су, газы жоқ тұрғын алаптары бар — әкімдік

Ақтөбе қаласында 2017-2018 жылдары жаппай жер телімі берілді. Ақтөбе әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2017 жылы 10 391, 2018 жылы 9535, 2019 жылы 116, 2020 жылы 5141, 2021 жылы 1699 жер телімі үлестірілді. 

Нақтыласақ, 2017 жылдан бері барлығы 26 882 жер учаскесі берілген. Бәрін де 2000 жылдардың басынан бастап кезекке тұрған адамдар алды. Ал қазір 101 838 адам кезекте тұр. Бұл тым көп.

Қала әкімдігі ескінің жыртығын жамамай, кезекті азайту мүмкін емес деп отыр. 2019 жылы мораторийдің жариялану себебі де осы. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қазір қаланың аумағы кеңейді. Ақтөбе қаласында 54 тұрғын алап бар. 

— Барлығы 49 тұрғын алап газ желісімен қамтамасыз етілген. Қалған 5 тұрғын алаптың (Жаңа ауыл-1, Баянауыл-1, Рауан-2, Сазды-3, Жаңа ауыл-3) үшеуінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал біреуінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Онда биыл құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Тағы біреуінде жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін тұрғын алаптарды толықтай газ желісімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова. 

Қалада әлі де жарығы жоқ тұрғын алаптары бар. Барлығы 6 тұрғын алабы әлі электр тогымен қамтылмаған. Олар: Батыс-3, Жаңаауыл-1, Рауан-2, Сазды-3, Парасат, Жаңа ауыл-3 елдімекендері. 

жол
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, үшеуінде құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. Ал екеуінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, біреуінде әлі күнге дейін жобасы дайындалып жатыр. 

— Қаладағы 54 тұрғын алаптың 44-і сумен қамтылған. Мағаджан, Шиелісай 1 және 2, Парасат, Думан тұрғын алаптарында ауыз су құбырын жүргізу жұмысы былтыр басталып, биыл жалғасады. Ал Жаңақоныс-5 тұрғын алабы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзір тұр. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қажетті құжат әзірленіп, биыл конкурс өткізіледі. Ал Ақшат-2, 3, Байқадам, Көкжиде тұрғын алаптарында су желісін тартуға болатын тереңдіктен жерасты су қоры анықталды. Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жер асты су қорын анықтауға өтінім беріліп, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан Ақшат-2, 3, Байқадам, Көкжиде және Шилісай алаптарына тасымал арқылы су жеткізіліп отыр. Бұл қызметке арнайы бюджет қаражаты бөлінген жоқ, жұмыс «Aqtobe su-energy group» АҚ-на міндеттелген. Ақтөбе қаласының елдімекендерін толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Сарыбұлақ және Моисеев, Құндақтықыр су тоғандарының жерасты су қоры анықталды. Ақтөбе қаласына қажетті су көлемін игеру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді, — дейді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Айта кетейік, Ақтөбеде 2007 жылдың соңына қарай жер алу үшін кезекке тұрған адамдар әлі де 10 соттыққа зар болып отыр. Олардың күткеніне 18 жыл болды. Әлі де күтеді. Себебі мораторийдің қашан жойылатыны белгісіз.

а
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

 

Соңғы жаңалықтар