Жарыстардан табыс табуға болады — киберспортшы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Киберспорт әлемнің басқа елдеріндегі сияқты Қазақстанда да екі мыңыншы жылдары қарқынды даму жолына түсті. Отандастарымыздың әлемдік аренадағы жетістіктерінің нәтижесінде 2018 жылдың 25 маусымынан бастап ресми спорт ретінде мойындалды.

Қызылордалық Нұрбақыт Мирғали — кәсіби киберспортшы, «Қайсар» футбол клубының ресми киберфутболшысы. Kazinform тілшісімен сұхбатта ол бұл жолды не үшін таңдағанын, жетістіктері мен киберспортты қалай табыс көзіне айналдыруға болатыны туралы айтып берді.
— Алдымен киберспорт дегенге тоқталсақ, ол не? Қазіргі балалардың телефондағы атыс-шабыс ойынын киберспорт деуге келе ме? Сіздің қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
— Бұл — жай ғана ойын емес, нақты спорт түрі. Қазақстанда 2018 жылдан бері ресми спорт түрі болып есептеледі. Дәстүрлі спорт сияқты онымен бағытына қарай командалық құрамда немесе жеке айналысуға болады. Балалардың телефондағы ойындарының бәрін бірдей киберспорт деуге келмейді, әрине. Көп жағдайда ол қызығушылық, хобби ретінде қарастырылады. Бірақ сол қызығушылықтың арқасында ресми турнирлерге қатысып, нәтиже көрсетсе, кәсіби спортшы деңгейіне көтеріле алады. Бала күнімде Playstation мен компьютердегі ойындарға менің де қызығушылығым жоғары болды. Алғашында достарым сияқты хобби ретінде айналысып жүрдім. 2016 жылдан бері қарай қалалық жарыстарға қатыса бастадым. Жарыстарда үнемі үздіктер қатарынан көрінетінмін. Сондықтан басқа деңгейге көшу, яғни Қазақстан чемпионаты, шетелдік турнирлер секілді ауқымды жарыстарға қатысу керегін түсіндім. 2018 жылдан бастап әуесқойлықтан кәсіби деңгейге ауыстым. Әрине, бұл оңай емес. Теория, практика, психология жағынан өте көп дайындалдым. Киберспоршылар күніне кемінде 5-6 сағаттан артық уақытын дайындыққа арнағанда ғана нәтиже көрсете алады.

— Ең танымал бейнеойындар қандай, оның ішінде қазақстандықтар ойлап тапқандар бар ма? Қандай жетістіктеріңізбен мақтанасыз?
— Әлемдегі ең танымал киберспорттық ойындар — Counter Strike, Dota 2, PUBG. Әзірге қазақстандықтар ойлап тапқан ойындар жоқ. Өзім киберфутбол бағытында бағымды сынап жүрмін. Жетістіктерім аз емес. Соның ішінде Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, 3 дүркін вице-чемпионы, Қазақстан кубогының 2 дүркін қола жүлдегері, көптеген халықаралық чемпионаттың үздігі деген атағым бар.

— Киберспорттан қандай табыс табуға болады? Негізгі мамандығыңыз басқа шығар?
— Негізгі мамандығым — инженер-гидротехник және экономист. Әзірге бұл мамандықтар бойынша жұмыс істеп көрмедім. Киберспортта жарыстардан табыс табуға болады. Әр жарыстың өзіндік жүлде қоры бар. Бірақ шет елдермен салыстырғанда еліміздегі жүлде қоры өте аз. Одан бөлек киберспоттық команда мүшесі болсаңыз, тұрақты жалақы алып отыруға болады.
— Табыс сонда шамамен қанша? Өзіңіз командада барсыз ба?
— Отандық турнирлердегі І орынға белгіленген жүлде қоры 300-400 мың теңге шамасында. Ал Азия кубогында 3 мың доллар көлемінде сыйақы алдым. Негізі Counter Strike, Dota ойындарындағы табыс біршама қомақты. Өзім команда құрамындамын, яғни тұрақты түрде жалақы аламын.

— Киберспортпен айналысу үшін интернетке қосылған жалғыз смартфон жеткілікті ме. Тағы не керек?
— Жарыстар бағытына байланысты компьютер, Playstation жүйесінде немесе мобильді телефонда өтеді. Киберспорт спортпен салыстырғанда, әрине, физикалық тұрғыда күш жұмсауды аса қажет етпейді. Адамдардың көбі ойнасаң болды деп ойлауы мүмкін. Бірақ ең маңыздысы реакция және психология екенін біле бермейді. Себебі санаулы секунд ішінде өте жылдам шешім қабылдап отыру керек. Сонымен қатар жарыстарда үлкен қысымға шыдау оңай емес. Одан бөлек тактика құру, қарсыласты оқи білу, қателіктерге анализ жасау, тәртіпті сақтау өте маңызды. Мұның бәрі кәдімгі спорт сияқты үлкен еңбекті, дайындық пен төзімдікті талап етеді.

— Елімізде өзіңіз сияқты спортшылардың ортасы қалыптасқан ба? Адамдар бұл таңдауыңызға қалай қарайды?
— Қазақстанда киберспортшылар жылдан-жылға көбейіп келеді. Тіпті Counter Strike, Dota ойындарында шетелдік үздік командаларға қосылған қазақстандықтар бар. Отбасым бәрін түсінеді, бірақ біздің елде спорттың бұл түріне әлі оң көзқарас қалыптаспаған. Көпшілік жай ойын, хобби ретінде қабылдайды. Уақыт өте келе бәрі өзгереді деп ойлаймын. Биыл Астанада Counter Strike ойынынан әлемдік жарыс өтті. Президент қолдауымен келесі жылы «Болашақ ойындары» атты халықаралық жарыс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Киберспорт осылай бірте-бірте дәстүрлі спортпен бірдей дамиды деп сенемін. Киберспортты олимпиадалық спорт түріне ресми қосқаны да қуантады.
— Әңгімеңізге рақмет!
Айта кетейік, елімізде 1,5 млн-нан астам қазақстандық белсенді түрде киберспортпен айналысады екен.