Жарты жылда инфрақұрылымға жасалған 965 млн-нан астам кибершабуыл тойтарыс берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақпараттық қауіпсіздік саласында биыл жарты жылда еліміздің маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған 965,4 млн кибершабуыл мен 3,5 мыңнан астам DDoS-шабуылдың беті қайтарылып, шамамен 1 мың фишингтік интернет-ресурс анықталды. Бұл туралы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбатында атап өтті

Жарты жылда инфрақұрылымға жасалған 965 млн-нан астам кибершабуыл тойтарыс берілді
Фото: Азертадж

— Заманауи технологиялар кеңінен таралып, қазір өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Иә, оның артықшылығы жетерлік. Алайда бұл технологиялық даму киберқылмыскерлердің де құралына айналып отыр. Олар қазір цифрлық инфрақұрылымға елеулі залал келтіріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҰҚК ІІМ, Цифрлық даму министрлігі және Бас прокуратурамен бірлесіп киберқылмыспен күрес тетіктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс атқарып жатыр, — деді ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев.

ҰҚК бастамасымен Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға халықаралық тәжірибе ескерілген бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылды.

— Бұл жұмыс алғашқы нәтижесін беріп отыр. Прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп, еліміздің бірқатар қалаларында абоненттік нөмірлерді заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Алаяқтықпен күрес аясында биыл ІІМ-мен бірлесіп 12 қалада бірқатар шаралар атқардық. Қазақстан мен шетел азаматтарынан біріккен топтар ұсталып, алаяқтық схемаларда пайдаланылған 76 SIM-box құрылғы тәркіленді.

ҰҚК информатизация және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды, соның ішінде түрлі деректер базасында сақталған құпия ақпаратты заңсыз өзгерту фактілерін тергеп жатыр, — деді ол.

Жалпы, осы және басқа да фактілер бойынша 40-тан астам қылмыстық іс қозғалған.

— Ақпараттық қауіпсіздік саласында биыл жарты жылда еліміздің маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған 965,4 млн кибершабуыл мен 3,5 мыңнан астам DDoS-шабуылдың бетін қайтардық. Шамамен 1 мың фишингтік интернет-ресурс анықталды.

Жалған терроризм туралы хабарламалар таратудың 68 фактісі бойынша іздестіру шаралары жүргізіліп, процессуалдық шешімдер қабылданды.

Telegram мессенджері арқылы есірткі және психотроптық заттарды таратумен айналысқан 66 адам, сондай-ақ есірткі үшін ақы қабылдауға пайдаланылған 325 банк картасы анықталды.

Интернет арқылы суицидті насихаттаған және адамдарды өзін-өзі өлтіруге итермелеген 49 адамды табылды.

Алдын алу және уақтылы әрекет ету шараларына ерекше мән береміз. Киберқауіптерге қарсы тиімді әрекет ету тетіктерін әзірлеу үшін жыл сайын оқу-жаттығулар өткізіледі. Олар шартты шабуыл жасаушыларды іздеп табу, ұстау және цифрлық дәлелдерді жинау бойынша тергеу іс-әрекеттерін қамтиды, — деді Ермек Сағымбаев.

Соңғы жаңалықтар