Жас комбайншы: Қатарлас достарымды ауылда еңбек етуге шақырамын
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында тұратын 26 жастағы Нұрдәулет Жұмағұл шаруашылықта күрішші және комбайншы болып еңбек етеді. Жастайынан қызу еңбек ортасында өскен ол өзгелер секілді ауылдан ұзап кеткен жоқ. Бала кезінен көзі көріп өскен тіршілік қазанына қайнап, бүгінде шаруашылықтың тәжіриелі маманына айналып келеді. Kazinform тілшісі комбайн тізгінін ұстап, қырманды алтын дәнге толтырып жүрген қарапайым еңбек адамының бір күнгі тыныс-тіршілігіне зер салып көрген еді.
- Сыр өңірінде тағы бір жауапты маусым мәресіне жетіп келеді. Биыл егін-терім жағдайы қалай болып жатыр?
- Жергілікті ауа райы мен топырақтың тұздылығына байланысты күріш дақылы ерекше күтімді қажет ететіні белгілі. Оған қоса соңғы жылдарда аймақта су тапшылығы мәселесі туындап жүр. Соған қарамастан елдегілер мол несібеге негіз қалап келеді. Қандай қиындықпен бетпе-бет келсе де, оны артта қалдырып, толайым табысқа жол ашады. Біз үшін жазғы уақыт – аса жауапты кезең. Дұрыс күтім болмаса, күріштен мол өнім алу мүмкін емес. Сондықтан бұл уақытта ауылдағы егіншілер үшін тынбай жұмыс жасап, еселі еңбек майданы қыза түседі.
Өзім жұмыс жұмыс істейтін «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде маған 45 гектар алқап бекітілген. Кейінгі жылдарда шаруашылықта ресейлік аймақта «Янтарь», «Лидер» сорттарына егіліп келеді. Мен өзіме бекітілген алқаптан «Каурис» сортынан әр гектардан 94,5 центнерден өнім жинадым. Жалпы алғанда, шаруашылықта 2800 гектар күріш алқабы бар. Орта өнім гектарына 77,7 центнерден айналып жатыр.
- Расын айту керек, қазір ауылдық жерден жастарды табу қиын. Олардың көбісі мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсіп кетеді. Болмаса, нәпақа табу үшін қаланы жағалайды. Ал егін шаруашылығында негізінен жасы үлкен кісілердің еңбек етуіне көзіміз үйреніп қалған. Сенің ауылда қалуыңа не себеп болды?
- Бұрынғы жылдарда «Ауылдық жерде жағдай жоқ» деген қасаң қағида қалыптасып қалған еді. Қазір ол пікірдің жойылып келе жатқаны қуантады. Рас, кейбір кезеңде жағдайдың қиын болғанын жасыра алмаймыз. Кейбір шаруашылықта жалақы мәселесі түйткілді тақырып болды. Оны уақытында ала алмайтын едік. Қазір жағдай мүлдем басқаша.
Біздің шаруашылық аймақтағы іргелі құрылымның біріне айналып келеді. Күріш өндірісінде үлкен табыстарға кенеліп жүр. Еңбеккерлерге жалақы дер кезінде беріледі. Одан артық не керек? Бүгінде ауылдың келбеті де жақсара түсті. Шаруашылық тарапынан ауылды көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жағдайына баса назар аударылған. Бұл көрініс сырттан келген адамға бірден көзге түседі. Осыдан он-он бес жыл бұрын ол көбіміз үшін таңсық болатын. Сондықтан өзіммен қатарлас достарымды ауылда еңбек етуге шақырамын. Біз елдің ертеңі емеспіз бе? Ауылда болсын, қалада болсын, елімізді көркейтуге күш салсақ, ол – біздің абыройлы міндетіміз.
- Өзің үшін бір күнгі еңбек ырғағы қалай өрбиді?
- Ауыл адамы үшін күнделікті тіршілік таң қылаң берген уақыттан басталады емес пе? Еңбекке араласқан уақыттан бері сол іс-әрекет күнделікті дағдымызға айналды. Солай болатын жөні бар. Қыруар тіршілік сені күтіп тұрмайды. Көктем мезгілінде дер уақытында дақылды егіп үлгеруің тиіс. Соның нәтижесінде күзгі мезгілде астықты уақытылы жинап алуға мүмкіндік туады. Шынын айтқанда, күріш дақылы ерекше күтімді қажет ететіні белгілі. Егілген сәттен бастап табаны судан босамайды. Сол арқылы дақыл бойын тіктеп, мол өнімге негіз қалайды. Ал тамыз аяқ шенінен қазан айының ортасына дейін орақ белсенді жүреді. Тағы бір маңызды маусымды аяқтап, енді-енді еңбектен бой жазып жатқан жайымыз бар. Әлі де атқарылатын жұмыстар бар. Қырманға құйылған астықты сапалы өндеп, тұтынушы талғамына сай өнім өндіруге көңіл бөледі. Қысқасы, жыл бойына жалғасқан тіршілік ауаны бар бізде.
Біздің ауыл күріш шаруашылығымен айналысып келе жатқанына қаншама жылдырдың жүзі болды. Кезінде сол тіршілікті біздің әкелеріміз, ағаларымыз жасады. Енді сол жарасымды үрдіс біздің буынға жалғасып отыр.
- Ауылдың қазіргі бет-бейнесі қандай?
- Екі қолға бір жұмыс қашанда табылады ғой. Қазір қала мен ауылдың айырмашылығы жоқ. Сыр өңірінде елді мекендердің басым көпшілігіне газ тартылды. Түгелге дерлік таза ауыз сумен қамтылған. Жол, электр мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында жемісті еңбек етіп жүрген шаруашылықтар елді мекендерді дамытуға белсенді түрде қатыса бастады. Нәтижесінде қазір кейбір ауылдарда көркейту-көгалдандыру мәселесі оң шешімін тапты. Жастардың демалысына арналған аллея, стадиондар, мәдениет үйлері бой көтерді. Осындай жақсы істердің бір көрінісін біздің ауылдан да кездестіруге болады.
Өзім ауылда қарашаңырақта анам және қарындасыммен біргемін. Мен үшін туған топырақта өмір сүру тартымды көрінеді. Сондықтан жастарды ауылды дамытуға шақырамын. Қай жерде жүрсек те, тәуелсіз еліміздің туын биікке көтеріп, нәтижелі іс атқару – барлығымыз үшін міндет.
- Әңгімеңе рақмет.