Жас ұрпақ ұлтжанды болып өсуі үшін өз елінің тарихын терең білуі тиіс – тарихшы-ұстаз

Жас ұрпақ ұлтжанды болып өсуі үшін өз елінің тарихын терең білуі тиіс – тарихшы-ұстаз
Фото: жеке мұрағатынан

ОРАЛ. KAZINFORM – Осы жыл Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы № 44 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Жеңіс Хамзин үшін ерекше табысты болды. Ұстаздар күніне орай «Орал қаласының құрметті педагогі» атанып, оған қоса Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған Ж.Хамзинмен Kazinform тілшісі әңгімелескен еді.

- Жеңіс Кәкібайұлы, ұстаздық – ұлы қызмет деген, мұғалімдік жолға қалай түстіңіз, кімнің ықпалы болды?

- Ұстаздық жолға түсуіме ең алдымен өзімнің ата-анам себепкер болды. Сырым ауданы Жымпиты ауылында туып-өскен әкем, қазір өмірде жоқ Кәкібай Хамзин химия, биология, география пәндерінен сабақ берумен бірге сол кездегі биліктің тапсырмасына сәйкес мектеп директоры сынды лауазымды қызметті атқарды. Анам Рысты Аманғалиева қырық жылдай математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті, қазір ұрпақтарының қызығын көріп отыр. Оған қоса әкемнің інісі Абат Хамзин мен ол кісінің зайыбы Ұлмекен Хисмеденқызы да Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепте қырық жыл бойы ұстаздық қызметті атқарды. Апам Зәуре Орал қаласындағы 100 жылдық тарихы бар С.Сейфуллин атындағы № 11 мектепті бітіргеннен кейін ұстаздықтан гөрі заңгерлікті қалап, қазір Алматыда осы салада еңбек етуде.

- Биыл «Орал қаласының құрметті педагогі» атанып, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталдыңыз, бұл мәртебеге қалай жеттім деп ойлайсыз?

- Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Азды-көпті еңбегімнің бағаланғаны деп есептеймін. Ең алдымен «Орал қаласының құрметті педагогі» атанып, 300 АЕК (1 млн 107,6 мың теңге шамасында) көлемінде ақшалайы сыйақыға ие болдым. Қалада елу мектепте 8 мыңнан астам әріптестерім болса, солардың ішінде кәсіби тұрғыда еңбектеніп жүрген ұстаздар өте көп. Солардың арасынан дараланып, озып шығамын деп ойламаппын. Сол секілді қалалық білім беру бөлімінен хабарласып, облыстық жиынға Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталуға барасыз деген кезде де бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды.

Мұның бәрі – менің 27 жылдық ұстаздық жолдағы еңбегім мен оқушыларымның түрлі сайыстарда алған жүлделі орындарының жемісі деп ойлаймын. Тарқатып айтсам, 1993 жылы Орал педагогикалық институтына түсіп, бұл оқу орны Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті болып қайта құрылғаннан кейін 1997 жылы тәмамдап шықтым. Әуелі өзімнің түлеп ұшқан алтын ұям – Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектепте 16 жыл қызмет етіп, кейін Орал қаласына ауыстым. Мұнда облыстық білім басқармасы жанындағы әдістемелік кабинетінде тарих пәнінің әдіскері болып алты ай қызмет атқарғаннан кейін өзімнің жүрек қалауыммен Бауыржан Момышұлы атындағы № 46 мектепке келдім. Ал Дінмұхамед Қонаев атындағы № 44 мектеп-гимназияда еңбек етіп жатқаныма 11 жылдан асты. Халқымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін алған қара шаңырақ – Орал қаласындағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі.

- Тарих пәнін оқытудың ерекшеліктері қандай деп білесіз?

- Тарих – адамзаттың өткенін қамтитын ауқымды дүние ғой. Ең бірінші тәуелсіз қазақ елінің тарихын әлемдік кеңістікте ұлттық мемлекеттілік тұрғысынан қарастыра отырып, оқушыларға объективті тұрғыда жеткізе білу – басты міндетіміз. Кеңес дәуірінде көмескіленіп, көлеңкеде қалған ұлт тарихын тәуелсіз елдің еркін ұрпақтарына шынайы тұрғыда бере білсек, бұдан асқан бақыт жоқ. Кезінде айтылмаған ақтаңдақ беттер қаншама, міне, соның бәрін қазіргі заман тұрғысынан ғылыми көзқараспен саралап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – әрбір кәсіби тарихшының борышы дер едім. Осы орайда біз балаларға ұлтжандылық, отансүйгіштік, тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік, азаттықтың символы неде деген сияқты ұғымдарды көбірек түсіндіруіміз керек.

- «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр ағамыз айтқандай, қазір жағдай өзгерді ме?

- Әрине, өзгерді. Біз бұрынғыдай жалтақтамайтын болдық. Оқулық жазудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Келесі оқу жылынан бастап мемлекеттік стандарт өзгереді деп жатыр. Оқулықтар қайта жазылып, құрастырылуда. Егер оқулықтар қазіргі заман талаптарына сәйкес сапалы жазылып, ұлт мақтаныштарын мемлекеттік деңгейде дәріптей білсек, жас ұрпақ үшін өмірлік азық, өшпес үлгі болар еді.  

Жас ұрпақ ұлтжанды болып өсуі үшін өз елінің тарихын терең білуі тиіс – тарихшы-ұстаз
Фото: жеке мұрағатынан

- Қазіргі кезең ғана емес, көне дәуірді де ұмытпау керек қой?

- Дұрыс айтасыз. Ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі мерзімді қамтиды ғой тарих. Әлемдік кеңістікті алмай-ақ, төл тарихымызды түгендей білсек, соның өзі аз олжа болмасы анық.

- Ендеше, айтыңызшы, қазіргі оқулықтарға көңіліңіз толады ма?

- Бәріне бірдей көңіл толады деп айта алмаймын. Оқулықтарда дәйектілік, нақтылық және бірізділік жетіспейді. Негізгі буында берілетін материалдар мен жоғары сыныптар оқулықтарында сәйкессіздіктер бар. Әр оқулықты жазғанда, автолар бөлек болғандықтан, солай деп ойлаймын. Соны үлкен мәселе ретінде айтар едім.

- Мұны шешу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Ол үшін авторлар арасында ортақ байланыс болуы қажет. Әркімге тапсырыс берсең, ол өз түсінігі мен қарым-қабілетіне қарай жазады ғой. Егер авторлардың басын біріктіретін орталық болып, олар тек оқулық жазумен айналысса, сарапшылар кеңесі баға беріп отырса, сапалы дүниелер жарық көрер еді. Бұл тарихшы-ұстаздарға үлкен көмек болар еді.

- Әзірге бұл тұйықтан қалай шығуға болады?

- Бұл жерде теориялық материалды игеру кезінде оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау құзыреттілігін қалыптастыруға мән беруіміз керек. Онысыз қазіргі заман талабы тұрғысынан маман тәрбиелеу өте қиын. Өткен тарихтан сабақ алуға тырысқан жөн. Әр тарихи оқиғаны түсіндірген кезде оқушы соның кейіпкері сияқты ортасында жүргендей болуы керек. Бұдан сабақтастықты сақтай білу деген үлкен мәселе туындайды. Мұғалім әр нәрсені ғылыми тұрғыдан саралай білуі қажет. Осы орайда тарихшы мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мұның басқа пәндерден ерекшелігі осында. Мысалы, математика және физика пәндерінің мұғалімдері үшін қалыптасқан жүйе бар. Ал тарихшылар мемлекеттік идеология тұрғысынан әлем саясатын ескере отырып, білгенін оқушылардың зердесіне жеткізе білгені абзал. Бұл ретте олар дүние жүзінде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отыруы тиіс. Әйтпесе қазіргідей технология дамыған кезеңде, кез келген ақпаратқа қолжетімділік болған кезде оқушылар мұғалім білмеген нәрсені біліп отыруы мүмкін. Бәсекеге қабілеттілік деген де осыдан шығады. Сондықтан тарихшы-ұстаз көштің алдынан табылып, өз пәнін терең меңгерумен бірге саяси оқиғаларды толық талдай алатын аналитик болуы да керек.

- Өз сабағыңызды Батыс Қазақстан облысының өткенімен, өлкеден шыққан белгілі тұлғалармен байланыстырасыз ба?

- Әрине, Батыс Қазақстан облысының өлкетану оқулығы негізгі авторларының бірімін. Факультативтік пән ретінде болса да, балалар төменгі буыннан бастап жоғары сыныптарға дейін өз деңгейінде білім алса, өз өлкесінің өткеніне қанығып, осы өңірден шыққан белгілі тұлғаларды танып-біле түсер еді. Курстар қазіргіден де көбірек болса, өлкетанудың қамтитын аясы кеңейері анық. Мысалы, мен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде магистратурада оқыған уақытта кезінде осы облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов туралы екі жыл бойы зерттеп, диссертация қорғап шықтым. Сол тақырыпты зерттеу барысында қазақ тарихына қатысты көптеген құнды деректер таптым.

- Өз жолыңызды жалғастырып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

- Қазіргі таңда әр салада еңбектеніп жүрген шәкірттерім баршылық. Ауыл мектебінде жүргенде, сынып жетекшісі болып, үш сыныпты ұядан шығардым. Кезінде өзім сабақ берген Қадыр Мырзалиев атындағы мектепте ізімді жалғап келе жатқан тарих пәнінің мұғалімі Дамир Қажиахметовті айтар едім. Бастапқыда бес жылдай мемлекеттік қызмет атқарса да, кейін ұстаздық жолға біржола түсті. Оған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметі жүктеліп, соны жауапкершіліккпен алып кетті. Сол секілді Ақылбек Есеналин деген шәкіртім қазіргі кезде Атырау қаласында жеке мектепте қызмет атқаруда. Сондай-ақ Дастан Құбасов Алматы қаласында басқа салада жүрсе де, оқушы кезінде қатарының алды болды. Ауылда білім алғанымен, қаладағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер шәкірттерімен иық теңестіріп, тіпті екі мәрте облыстық олимпиадада жеңімпаз атанды. Бұл оқу үдерісі дұрыс жолға қойылса, ауыл мектебінде де білім деңгейінің жоғары бола алатынына дәлел. Орал қаласындағы № 46 орта мектептен түлеп ұшқан Эльмира Есмағұлованы айтпай кетуге болмас. Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп-гимназиядан келген Эльмираны дайындадым. Соның нәтижесінде ҰБТ-дан жоғары 132 балл жинап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, құқық және дүние жүзі тарихы мамандығына түсті. Қазір төртінші курс студенті, Назарбаев атындағы шәкіртақы иегері.

- Сөзіңіз аузыңызда, дүние жүзі тарихы да оқытылып келеді ғой, оның деңгейі қандай?

- Иә, дегенмен аптасына бір ғана сағат бөлінген. Бұл жан-жақты оқыту үшін көп емес. Қазақстан тарихына аптасына екі сағат берілген. Балалар 10-сыныпқа келген кезде жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыт болып бөлінеді ғой. Міне, осы кезде қосымша факультативтік курстар арқылы игерілмеген материалды меңгерту үшін көбірек жұмыстанып, оқушыларға молырақ ақпарат беруге тырысамыз.

- Тарихсыз бүгін мен болашақ жоқ. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Жас ұрпақ ұлтжанды болып өсуі үшін өзінің елінің тарихын терең білуі тиіс. Қазіргі жастардың арасында шетелдің өміріне қызығушылық басым. Арзан дүниеге, жылтырақ өнімге әуес келеді. Ағылшын тілін де үйрену уақыт талабы, дегенмен адам өзінің тамырынан ажырамауы тиіс. Жеткіншектер алдымен өзінің тілі мен тарихын қастер тұтса, содан рухтанады. Сонда ғана мемлекетшіл тұлғаны тәрбиелей аламыз. Бұл орайда ұстаздың рөлі, қосатын үлесі ерекше деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет. Ұстаздық жолыңызда бұдан да биік табыстарға қол жеткізуіңізге тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ұстаздың адам неғұрлым көп тілді білсе, соғұрлым табысты болатыны туралы айтқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram