«Жасампаздықтың 25 жылы» пойызы Темір ауданына барды
Біз барғанда Алтықарасу елді мекенінде Ақтөбе қаласындағы облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығының қызметкерлерінен жасақталған жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы қызу жүріп жатыр екен.
«Жылжымалы медициналық кешен жобасы 2011 жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылды. Қазір жұмыс «Денсаулық» бағдарламасы бойынша жалғасып жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен 11 шілдеден бастап Алтықарасу елді мекеніне келіп, жұмыс жасап жатырмыз. Үш күннен бері 9 дәрігер 250-ден астам тұрғынды тексеріп үлгерді. Әрине, кешен ЭКГ, рентген, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен қамтылған, зертханасы да бар. Түнгі уақытта да хирургтар мен терапевтер алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр. Өздері келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға, егде адамдарға үй аралап, медициналық көмек беріледі», - дейді жылжымалы медициналық кешеннің жетекшісі Марат Мәдреймов.
Облыс орталығына барып, дәрігерге тексерілуге ыңғайы келмей жүрген тұрғындар ауылдарына келіп, тегін медициналық қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлерге алғыстарын айтып жатыр. Себебі, кешен қызметкерлері арнайы автобус шығарып, Сартоғай мен Қайыңды елді мекендерінің де тұрғындарын алдырып, осы жерде тегін қаралуға жағдай жасапты. Ал көліктің реті келмеген басқа ауылдар өз көліктерімен келіп, қаралып жатыр екен.
Бұл күні облыс әкімі жанындағы ақпараттық топ мүшелері алтықарасулықтармен кездесті. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ахат Мырзалин Елбасының Ұлт жоспарындағы бес реформа мен 100 нақты қадамнан бастап, облыстың 25 жылда жеткен жетістіктерін, оның ішінде татулық пен ауызбіршіліктің қадірі, жас ұрпақ тәрбиесі туралы баса айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Айшуақ Бақыт Тәуелсіздік жылдарындағы білім саласындағы өзгерістер мен жаңалықтарды тәптіштеп әңгімеледі.
«Қазір әлемде БҰҰ тізімінде тұрған, айналасы мойындаған 197 ел бар екен. Қазақстан халқы осы бақытты ұлттардың қатарында, оған да тәуба. Тағы бір мысал, 1989 жылы Ақтөбе қаласында 45 мектеп болды. Бір ғана №21 мектеп - қазақ, бір ғана аралас мектеп - №6, сосын облыстық мектеп-интернаты болды. Қазір облыста 600-ге жуық, қалалық білім бөлімінде 72 мектеп бар. Оның 75 пайызы қазақ тілінде білім береді. «Темір канцлер» аталып кеткен Отто фон Бисмарктың бір сөзі бар: «Мектеп салғысы келмейтін мемлекет түрме салуға мәжбүр болады». 25 жылда Ақтөбе облысында 109 мектеп ашылған екен. Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Жалпы, елімізде жасалып жатқан игілікті істердің бәрі - Тәуелсіздіктің арқасы», - дейді Айшуақ Бақыт.
Кездесу барысында Алтықарасу орта мектебінің мұғалімі Асанғали Әбдірахманов ауылдарына көгілдір отын тартылса деген тілегін айтса, ақсақал Жаңабай Қалекенов қой-ешкі жүнін тұрғындар қайда тастарын білмейтінін, соны бір тиімді пайдалану жолы қарастырылса деген ұсынысын айтты.
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері Қ.Тобағабылов пен А.Адаханова домбырамен әсем әнге салды.
Түстен кейін Шұбарқұдық кәсіпшілігінің ауылдық Мәдениет үйінде де ақпараттық топтың мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесіп, Тәуелсіздіктің толағай табыстары мен жетістіктерін әңгімеледі. Кездесу соңында Темір аудандық мәслихат хатшысы Боран Ізбасов ақпараттық топ мүшелеріне тиімді кездесулері үшін ризашылығын білдірді.
Бүгін екі көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен қызметкерлері Шұбарқұдық кәсіпшілігінің тұрғындарын қабылдап, дәрігерлік қызмет көрсетеді.