Жасанды интеллект қаржыны қалай басқарады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жасанды интеллект технологиясы – кейінгі онжылдықтағы басты технологиялық трендтің бірі болды. Бұл мәселе біздің елде де өзекті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресі барысында Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – Цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленов айтты.

«Цифрлық Ұлттық банк тұжырымдамасы аясында біз қаржылық бақылау үдерістерін барынша цифрландыруды, сондай-ақ осы мақсатта жасанды интеллект пен машинаны оқыту технологияларын қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл, бір жағынан, нарықтың реттеу есептілігіне арналған шығындарын азайтуға, екінші жағынан, реттеушінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге, соның ішінде жасанды интеллектке байланысты сын-қатер мен ауытқуды ерте анықтауға жол ашады. Осы мақсатта SupTech платформасын дамытуды жалғастырып, бірнеше жаңа жүйе енгізетін болады. Келесі жылы біз мұндай платформаны енгізудің бірінші кезеңін аяқтауды көздеп отырмыз»,- деді Бинұр Жаленов.
Айтуынша, осы міндеттерді орындау үшін деректерді өңдейтін заманауи және сенімді инфрақұрылымның болғаны маңызды.
«Бұл ретте, есептеу қуаты ғана емес, деректерді актив ретінде басқару құралдары, мәдениеті туралы да сөз болып отыр. Деректер фабрикасы құрылып жатыр. Оның аясында деректерді жинаудан бастап, талдауға дейінгі барлық деректерді басқару процесі жасанды интеллект және басқа да ең озық құралдарды пайдалана отырып оңтайландырылатын болады. Біз қажет деректерді нарықтан ыңғайлы, цифрлық форматта жинауды жолға қойып, бір есепті қайта-қайта жинаудың алдын алуды жоспарлап отырмыз. Бұл өзіміздің аналитикалық әлеуетімізді кеңейтуге де мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ол.
Спикер интеллектті енгізу – жай ғана сәннен қалмау үшін жасалып жатқан дүние емес екенін баса айтты.
«Жұмысымызға жасанды интеллектті енгізу – жай ғана сәннен қалмау үшін жасалып жатқан жоқ. Біз оны күнделікті аналитикалық жұмысымызда – «шикі» деректерді өңдеуден бастап, «инсайттар» қалыптастыруға дейінгі барлық кезеңде негізгі технологияға айналуға тиіс деп есептейміз.Біздің data-стратегиямыздағы маңызды элементтің бірі – өзекті мәселелерді зерттеу жұмыстарына сырттан сарапшы тарту. Осы мақсатта Ашық деректер репозиторийін бета-тестілеу режимінде іске қостық»,- деді ол.
Осыған дейін Бинұр Жаленов, жыл соңына дейін цифрлық теңгедегі транзакция айналымы 200 млрд теңгеден асатыны туралы мәлімдеген еді.