Жасыл дәліз: Ақтөбе прокуратурасы инвесторлардың кедергісіз жұмыс істеуі үшін ұсыныс берді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы әкімдігі мен облыстық прокуратура инвестициялық жобаларды іске асыру жұмысын жеделдету үшін «Жасыл дәзіл» орнатады.

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өңірге сапары кезінде инвестиция тарту, инвестициялық жобалар санын арттыруды тапсырды. Енді инвестициялық жобаларды іске асыру барысын прокуратура да бақылайды. 

«Мемлекет басшысы маңызды және ірі инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Индустриялық аймақта инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асырудың барлық кезеңін толық бақылаймыз»,- деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Былтыр Ақтөбеде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 84,6 млрд теңгеге жеткен. Барлығы 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 

«Өңірде іске қосылған маңызды және ірі инвестициялық жобалардың ішінде 1973 жылдан бастап жиналған шламды қайта өңдеу фабрикасын атап өтуге болады. Жоба аймақтың экологиясына оң әсер етеді. Фабриканың іске қосылуының нәтижесінде 270-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның жалпы құны — 37,4 миллиард теңге», - деді Ақтөбе облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаев.

Ал биыл облыста жалпы құны 201 млрд теңге болатын 27 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындар іске қосылғанда 800-ден астам жұмыс орны ашылады. 

Айта кетейік, «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасы мемлекеттік сараптама, сәулет-экологиялық бақылау және өзге де сатылардан өту кезінде құқықтық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Асланбек Сәбитовтің айтуынша, инвесторлардың мәселелерін анықтау және жедел шешу үшін «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-кеңсе ашылған. Жыл басынан бері олар кәсіпкерлерден түскен 90-нан астам сигналды өңдеген. 53 қадағалау актісі енгізіліп, 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге 484 кәсіпкердің құқығы қорғалды. 

Прокурорлар өңірді «Жасыл дәліз» аймағына қосу үшін критерий әзірлеуді, инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған тиімді бағыттарды нақтылауды ұсынды. Өңір басшысы Асхат Шахаров прокурорлардың бұл ұсынысын қолдады. Облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасы арасында инвесторларға арналған «Жасыл дәлізді» жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум тіркеуден бастап нысандарды іске қосуға дейінгі аралықтағы құжаттарды тез реттеуге септігін тигізеді. 

– «Жасыл дәліз» инвесторларға рұқсат қағазын алу, жер телімдерін беру, инфрақұрылымды орнату және тұтастай алғанда бюрократиялық кедергілерді еңсеруге қатысты мәселелерді орталықтандырылған түрде шешуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті облыс әкімі.