Жасөспірімдер Азиадасының чемпионы: Мақсатым — олимп биігін бағындыру
ОРАЛ. KAZINFORM — Батысқазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева жуырда Манама қаласында (Бахрейн) өткен жасөспірімдер Азиадасында топ жарған еді. Туған жеріне оралған спортшыға Kazinform тілшісі бірнеше сауал қойған еді.
— Фатима, дзюдоға қызығушылығың қалай оянды, спортпен неше жасыңнан айналыса бастадың?
— Өзім Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында өмір есігін аштым. Дзюдомен тоғыз жасымнан бері айналысып келемін. Спортқа келуіме әкем Алтынбек пен көкем Қазыбек ықпал етті. Олар осы спорттың арқасында ел көріп, жер көріп, көптеген табысқа қол жеткізді. Әкем — дзюдодан Қазақстанның спорт шебері, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, оған қоса жоғары санатты жаттықтырушы.
Алғашқы әрі қазіргі бапкерім де — әкем. Сондай-ақ екінші жаттықтырушы Ерлан Оңаловтан да көп нәрсе үйрендім. Ол кісі де — әкемнің шәкірті.
— Өмірде кімді үлгі тұтасың?
— Алдымен өз анам Дилара Бектемірқызын айтар едім. Менің әр басқан қадамыма үмітпен қарап, үнемі жаны ашып отырады. Дүниеде анадан артық ешкім жоқ қой. Содан кейін спортта Дзигоро Каноны алға қоямын. Дзюдоны ойлап шығарған адам. Соның арқасында дзюдо күллі әлемге кеңінен жайылып, адамдар дендеп айналысатын әдемі спорт түріне айналды.

— Биыл бірнеше халықаралық жарыста жеңіс биігінен көріндің. Алматыда кадеттер арасында өткен Азия кубогында алдыңа жан салмадың. Одан соң Берлинде Millennium Team Cadet European Cup турнирінде күміс жүлдеге қол жеткіздің. Енді, міне, жасөспірімдер Азиадасын бағындырып отырсың. Осы айтулы додадағы қарсыластарың қиын болды ма?
— Олардың бәрі де өте жақсы дайындықпен келгендері көрініп тұрды. Бәрі де өз елдерінің намысын абыроймен қорғау үшін барын салады ғой. Қай-қайсысына да берік ұстаныммен, ұтамын деген ниетпен шықтым. Алдымен 52 келіге дейінгі салмақта тәжік қызын жолдан тайдырдым. Содан кейін өзбекстандық Зухра Алимовамен белдесу өте қиын болды. Одан да сүрінбей өттім. Ал финалда қырғызстандық Милена Боруболотованы таза түсірдім.

— Дзюдодағы сүйікті тәсілің қандай?
— Ең жақсы көретін әдісім — Учи-мата. Осы тәсілді ешкім төтеп бере алмайтындай етіп қолдану үшін үзбей жетілдірудемін. Әрине, шеберлік шыңына жету үшін көп тер төгіп, еңбектену керектігін жақсы түсінемін.
— Спорт пен оқуды қатар алып жүру оңай емес шығар?
— Әрине, өте қиын. Қазіргі кезде Орал қаласындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 10-сыныбында оқимын. Білімге де, спортқа да уақыт табуға болады деп ойлаймын. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО дзюдо федерациясы толық жағдай жасап, үнемі қолдау көрсетеді. Жуырда Жапонияға жаттығу үшін жол жүрмекшімін.
Мектебімнің басшыларынан бастап ұстаздарым да маған тілекші болып отырады. Жеңіспен оралсам, қарсылап алады.

— Спорттан басқа сүйікті ісің қандай?
— Бос уақытым бола қалған жағдайда ән салып, кітап оқығанды жақсы көремін. Сурет салғанды да жаным сүйеді.
— Дзюдо олимпиадалық спорт түрі екендігі белгілі. Ендеше, алдағы арман-мақсаттарың жөнінде не айтар едің?
— Арманым көп. Спорттағы мақсатым біреу, ол — Олимпиада чемпионы болу. Адам кей армандарына қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Ал алдына шындап мақсат қойса, сол үшін бар күш-жігерін жұмсаса, түбінде жетеді деп ойлаймын. Мақсатының орындалуы мүмкін екеніне сенеді. Мен әлі өзімді кішкентаймын деп санаймын. Спорттағы белестерге жеткеннен кейін ғана өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Алдағы уақытта дзюдода елімнің атын шығарып, көк байрағымызды желбірете білсем, одан асқан бақыт жоқ.
— Олай болса, Фатима, алдағы жолыңа тек сәттілік тілейміз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жасөспірімдер Азиадасында Қазақстан құрамасындағы екі дзюдошының алтын медаль алғанын жазған едік.